Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Қазақстан – бейбітшілік мекені

Қазақстан – бейбітшілік мекені

Қазалы жеріне кезінде белгілі себептермен сан ұлттың өкілі қоныс аударылып келген. Бүгіндері бір-бірімен тату, өздерін бір үйдің баласындай сезінеді. Түрі басқа болса да, жүздерінен жылылық, жүректерінен мейі­рімділік пен бауырмалдық сезімі байқалатын өзге ұлт адамдарын тұрғылықты тұр­ғын­дар жатсынбайды. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында мерекеге қызу дайындық үстіндегі өзге ұл өкілдерімен ой бө­ліскен едік.

Рашид АБДУЛЛИН, әзербайжан ұлтының өкілі:
Қазалыны айрықша қасиет тұтамын
– Ұлы Отан соғысында майдан даласында от пен оқтың ортасында, келешек ұрпағының бейбіт өмірі үшін жаумен жанталаса күрескен Ұлы Отан соғысының ардагері Шариф Абдуллинның ұлымын. Әкем үнемі қазақ халқының мейірімділігі мен бауырмалдығын жиі айтып отырушы еді. Бұл қасиеттерді мен де әр қазақтың бойынан байқаймын.
Қаладағы М.Горький атындағы №16 мектепті бітірген соң, Ресейдің Мурманск қаласында әскери-теңіз флотында атом сүңгуір кемесінде Отан алдындағы азаматтық борышымды өтедім. Әскер қатарынан келгеннен кейін ЭЧ-25 теміржол мекемесінде электромонтер мамандығы бойынша еңбек жолын бастадым. Теміржол мекемесінде 40 жылға жуық жұмыс істеп, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырмын. Отбасымда жарым Раямен екі қызды дүниеге әкеліп, құтты орындарына қондырдық. Зайыбымның ұлты – татар. Қыздарым Эльвира мен Линара дәрігер. Екеуі де қазақ отбасының келіндері.
Жас күнімнен гитара аспабында еркін ойнап, достар арасында әнші жігіт атанған едім. Армия қатарында жүргенде де, жұмыс істеген уақытым да мәдени шараларға қатыстым. Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» спектаклінде орыс шалдың, «Қызыл сұңқар» спектаклінде неміс офицерінің рөлін сомдап, Бүкілодақтық көркемөнерпаздар фестивалінің лауреаты атандым. Қазір Қазалы қалалық мәдениет үйі жанындағы эстрада үйірмесінің мүшесімін.
Ең алғаш ата-бабам қазақ жеріне табан тірегенде менің әкем – Шариф өзінің айтуынша 7 жасар бала болған екен. Жер аударылып келген ата-әжем аштықтан қайтыс болғанда, әкемді бір иманды кісі қамқорлығына алып, қаладағы жетімдер үйіне өткізген. Осында ер жетіп, үйлі-баранды болады. Одан кейін біз дүниеге келіппіз. Міне, менің туған жерім – Қазалы топырағы. Осы елде тұрып жатқан әрбір азамат үшін Отанды қадірлеу ең үлкен парыз деп түсінемін. Қандай жағдай болмасын біз елімізбен, еліміз бізбен бірге. Қазір Сіздердің қонақжайлылықтарыңыздың арқасында, Аллаға шүкір, біреуден кейін, біреуден ілгері бұйырған дәм-тұзымызды татып келеміз.

Лилия СИМ, кәріс ұлтының өкілі:

Отанымды бақыттың мекеніне балаймын

– Мен Арал теңізінің жағалауында дүниеге келдім. Әжем София, әкем Николай және анам Татьяна 1938 жылы Владивостоктан жер аударылған. Әкем балық қабылдаушы, анам балабақшада аспазшы болған. Мектеп жасына жеткенімде Арал қаласындағы орыс мектебі жабылып, отбасымызбен Қазалы қаласына қоныс аудардық. Ағам екеуміз М.Горький атындағы №16 мектептен білім алдық.
Бұнда келген соң, әкем тұрмыс қажетін өтеу комбинатында жұмысшы, ұста, цех меңгерушісі болып істеді. Ағам мен інім мектеп бітірісімен Ресейге оқуға кетті. Ал мен Алматыға аттандым. Әжемнің қалауымен бір жылдан кейін Қазалыға оралып, «Қарлығаш» балабақшасына тәрбиеші болып жұмысқа орналастым. Сегіз жылдан кейін тәрбиешілікті тігіншілікке айырбастап, кірпіш зауытына келдім. Кейін зауыттан шығарылатын заттарды тексеруші болдым.
Жауапкершілік пен белсенділіктің нәтижесінде сол кездері қалалық кеңеске депутат болып та сайландым.
Жолдасым Владимир Хван екеуміздің Игорь және Александр атты ұлымыз бар. Екеуі де мектепті жақсы оқыды. Қазақ тілін еркін меңгерген. Грант негізінде оқуға түсті. Қазір өз мамандықтары бойынша жұмыс істейді.
Біз қазақ отбасыларымен көрші тұрамыз әрі татумыз. Аула алдында әңгіме-дүкен құрып, көбіне бау-бақша өнімдері туралы сөз етеміз. Қазақы салт-дәстүрді құрметтеймін, қалай орындалатындығын да жақсы білемін. Қазақтардың кеңпейілділігі мен қонақжайлылығы ерекше сүйсінтеді. Көрші-қолаңмен қуанышын бөлісіп, қайғысына ортақтасу азаматтық парызым деп білемін. Тіпті, қайын сіңлімді қазақ отбасына келін етіп, құда болып отырған жайымыз бар. Мен тағдыр тарту еткен Отаным – Қазақстанды бақыттың мекеніне балаймын.

Гульлола Жумаева, өзбек ұлтының өкілі:

Қазақ ұлтының әдет-ғұрпын жақсы білемін

– Менің әке-шешем де осы топырақтың тумасы. Әкем Жулдаш Жумаев аудандық автотранспорт кәсіпорнында 35 жыл жүргізуші болып, еңбек демалысына шықты. Анам Гаухар Шимпулатова дүкенде сатушы болып жұмыс істеді. Қазақтармен өте тығыз қарым-қатынастамыз. Олай деуге негіз де жоқ емес. Ағам да, інім де өмірлік жарын қазақ қыздарының ішінен таңдады.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен химия, биология пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Жалпы білім беретін кешкі мектепте жұмыс істеймін. 2012 жылы тілдер мерекесі қарсаңында Астана қаласында өткен форумға Ассамблея мүшелерінің құрамында болып, барып қайттым.
Өз ұлтымның салт-дәстүрінен гөрі қазақ ұлтының әдет-ғұрпын жақсы білемін. Маған қазақстандықтардың ұлтшылдыққа, нәсілдікке бөлінбейтіні, бауырмалдығы қатты ұнайды. Өзім де осы жолдан таймауға тырысып бағамын. Қонақ күткенді ұнатамын.

Алеся Советова, орыс ұлтының өкілі:
Сан ұлтқа сая болған
– Мен №266 мектеп-лицейінде мұғаліммін. Ұлтым орыс болса да Қазақстанда тұратынымды мақтан етемін. Мамыр айының бірінде Қазақстан аса жарқын әрі мейрімді мерекенің бірі – Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлайды. Бұл достық, сыйластық пен ынтымақ мерекесі. Сан ұлтқа сая болған Қазақстанның кең шаңырағы астында қазақ, өзбек, орыс, украин, неміс, корей, ұйғыр, қырғыз, армян, грузин және тағы басқа да көптеген ұлт өкілдері тұрады. Осы ұлттардың әрқайсысы бірегей таптырмас қасиеттерге ие, сонымен бірге Қазақстан аумағында біз – тату өмір сүретін бір халықпыз. Бірінші мамыр мерекесінің мәні де осында деп білемін.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
30 сәуір 2019 ж. 248 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031