Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкірт жетістігі – ұстаз шеберлігінде

Шәкірт жетістігі – ұстаз шеберлігінде

Халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңі – 1946-1958 жылдар аралығында Қазалыда он тоғыз жетіжылдық мектеп ашылды. Солардың қатарында Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектеп те бар. Сәл шегініс жасап, тарих парақтарына зер салсақ, білім ордасы алғашында жеті жылдық болған. Уақыт көшінен қалмай, 1988 жылдан бастап №204 орта мектеп аталды.

Білім ордасын басқарып отырған Төребай Шермахановты білікті басшы деу­ге болады. Ол 2009 жылы білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Осы оқу жылында түлектер «Алтын белгі», «Үздік аттес­тат» иегері атанып, мектеп мерейін үстем етті. Тәжірибелі директор үнемі ізденіс үстінде жүреді. Мұғалімдердің оқушыларға сапалы біліммен қатар тәлімді тәрбие беруіне айрықша басымдық береді. Әр сайыстан жүлделі оралатын ұстаздар мен жеңімпаз шәкірттер бұл мектепте көптеп кездеседі. Оқушылар аудандық, облыстық, республикалық білім бәсекелері мен пән олимпиадаларында, интернет сайыстарында, ғылыми жобалар байқауында да бақ сынап жүр.

Шәкірттер екі ауысымда оқиды. Оларға 139 педагог білім береді. 800-ге жуық шәкірті бар мектепте 38 сынып комплектісі ашылған. Мектепалды даярлық тобында 100-ге жуық бүлдіршін тәрбиеленуде. Мұғалімдердің 7-і жоғары, 31-і бірінші, 48-і екінші санатты. Ұстаздар кәсібилігін шыңдау мақсатында түрлі курстардан біліктілік арттырады. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сәйкес бүгінгі таңда мектепке «Робототехника және 32 принтинг» бойынша білімін жетілдірген 1 мұғалім бар. Ол арнайы жабдықталған кабинетте жұмыс жасайды. Білім ордасында «Білім Ланд» электронды оқыту платформасын мұғалімдердің пайдалануына зор мүмкіндік жасалған. Ата-аналар балаларының мектептегі оқу үлгерімін «Күнделік КZ» электронды журналы арқылы қадағалай алады. Бұнда 3 информатика және толық компьютермен жабдықталған физика және химия оқу кабинеттері бар.

Әр оқу жылында мектеп түлектері «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегері атанды. Түлектердің көпшілігі жоғары оқу орындарында грант негізінде білім алуда. Мұғалім үшін ең үлкен жетістік – шәкіртінің шыңға шығуы. Әр бала жұлдыздай жарқырай алады. Ол үшін ұстаз бар күш-жігерін жұмсайды. Мектепте де озат оқушыларды тәрбиелеп жүрген ұлағатты жандар қатары аз емес. Әрқайсысының өзіндік орны мен ұстанымы бар. Мәселен қазақ тілі пәнінің оқытушысы Қ.Телеуова, М.Кати, Т.Жүсіпова, орыс тілі пәнінен А.Аташова, Г.Аташова, ағылшын тілі пәнінен М.Қожабай, Ж.Жаназарова, Г.Төлемісова, Г.Көрікбаева, тарих пәнінен С.Көмекбаева, Н.Жұмаханова, географиядан Р.Сахи, Г.Шохай, Н.Аманжолов, биология пәнінен Ә.Сапар, математикадан К.Демеубаев, Г.Кенжеғараева, физикадан А.Жарманова, дене тәрбиесі пәнінен А.Көшен, Ә.Әбіл, Ж.Қазмағамбет, А.Бекжанов сынды мұғалімдердің есімін мақтанышпен атасақ артық етпейді.

Мектептегі 287 оқушы пәндік, 296 оқушы спорттық, 167 оқушы ән-әуез үйірмелеріне қатысады. Аудандық спорт мектебі мен оқушылар үйі үйірмелеріне де №204 мектеп оқушылары белсенді атсалысады. Балалардың жазғы демалысын ұтымды ұйымдастыруда әлеуметтік педагог А.Жарманова жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Білім мен тәрбиені тең ұстаған шәкірттердің тәртібі де жоғары. Бұны мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Ш.Ахметова мен Қ.Әбіштің тәрбие саласындағы атқарған жұмыстарының оң нәтижесі деп түсінуге болады. Оқушылар арасындағы өнер байқаулары мен келелі кездесулерді керемет өткізетін педагог ұйымдастырушы Н.Сейталиева да өз ісінің білгір маманы.

– Білім қызметкерлерінің арасында Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатында «Жолдау жолымен – білім биігіне» тақырыбында үгіт-насихат бригадаларының аудандық байқауында және белгілі бапкер, ұстаз Көпболсын Ықыласовты еске алуға арналған қыздар арасында волейболдан өткізілген аудандық ашық біріншілікте және «Мен – чемпион» балалар спорттық ойынының аудандық кезеңінде «Ыбырай жастары» командасы үшінші орын алды. «Ақ желең» байқауында бишілеріміз және «Жас дарын» дарынды балалар орталығы ұйымдастырған «Самға самұрық VII» байқауынан оқушыларымыз «Хореография» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. «Дарабоз» өнер мен білім байқауында «Вокал» жанры бойынша Мұхаммед Базарғали мен «Ақберен» өнер сайысында 9 сынып оқушысы Меруерт Ізбасар күй жанры бойынша бірінші орын иеленді. Бұлар республикалық деңгейдегі байқаулар. Әрине айта берсек жеткен жетістіктеріміз көп. Оған ешқашан масаттанбаймыз. Әрі қарай да биік белестерді бағындыру жолында жұмыс істей береміз, – деді мектеп директоры бізбен әңгіме барысында.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

06 сәуір 2019 ж. 3 129 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 84

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930