Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Менмұндалаған мұнара

Менмұндалаған мұнара

Енді ғана ес біле бастаған бала кезімізде орталық базардың бағытын ерекше биіктігімен көзге түсетін телемұнара арқылы білетінбіз. Қазірдің өзінде оның үстінен қарайтын нысан пайда бола қойған жоқ. Алайда көкпен таласқан темір дүниенің не мақсатта және қалай тұрғызылғанына күні бүгінге дейін аса мән бермегеніміз рас. Одан кейін ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де мұнараның тарихы туралы дерек жоқтың қасы. Бұл туралы баян­дап беретін көнекөздердің қарасы сейілген. Бүгінгі күні аудан тұрғындарын байланыспен қамтамасыз етуші нысан жайында әуе толқыны тарихында өзіндік орны бар Қазалы аудандық радиоторабында қызмет етіп, зейнетке шыққан Ордабай Аяпбергенов­пен әңгіме­лестік.

Жасы сексенге таяған Ордабай ақсақал «телевышканы» құрас­тырған сәтте сол маңда болған. Құрылыс барысында орын алған қиындық пен қауіп толық есінде. Бірақ Ордабай ата әңгіменің басын телебағдарламаның Қазалы­ға келуінен бастағанды жөн санады.
– Ауданға теледидар шамамен 1967 жылы келді. Бағдарлама көрсететін антенна алғашында қазіргі «Қазпошта» мекемесінің үстіне орнатылды. Бұл үшін дәнекерлеушілер ұзақ уақыт жұмыс істеді. Нәтижесінде Ресейдің бірінші телеканалы көрер­мен назарына ұсы­нылды. Мұның өзі жер­гілікті тұрғындар көңіліне ерекше қуа­ныш ұялатқан жаңа­лық еді, – деп еске алды.
Ал телемұнара құры­лысы 1970-1971 жылдары жүргі­зілген. Оның ұзын­­дығы сондай, тө­менгі жағы сол кездегі пош­таның ауласы­нан басталып, автобустар аялда­масы орна­ласқан А.Байтұрсын­ов көшесін кесіп өтіп, мұнараның басы сол тұстағы радиотораптың директоры В.Романовтың тұрғынжайына дейін жеткен. Бас-аяғы 75 метр. Ондаған жұмысшы күндіз-түні бөлшектерді құрастыруға, монтаждауға аянбай тер төгеді. Қарияның айтуынша, металды бай­ланыс­тыратын болтының жуандығы дөңгеленген қос алақан ішін толтырады. Сондықтан болар, құрылысты аяқтау үшін жылдан аса уақыт кеткен.
Мұнара дайындалып біткен соң оны орнына тұрғызу үшін де адамдар біраз әуреге түскен. Сол уақыттағы поштаның ауласында суайдағыш мұнара да болған. Соның жанынан терең құдық қазылып, ішіне бетон ерітіндісі құйылады. Бұл оны жоғары көтеру үшін сым арқан жинайтын роликтің жұлынып кетпеуі үшін жасалған жұмыс еді. Осындай бетон тұғыр Біржан сал мен одан кейінгі көшеге де орнатылды. Бұдан соң биіктігі 30 метр құлаушы аша темір (падающий стрела) тұрғызылған. Телемұнараны тікейту үшін алдымен оның басына қалың трос ілінеді. Ол сым арқан құлаушы аша темірдің ұшындағы мен жерге орналастырылған ролик арқылы өтіп, соңғы ұшы сол дәуірдегі қуаты күшті тракторға байланады. Мұнараның ауырлығы соншалық 3 жерде орналасқан роликтің әрбіріне 2 трактор қатар тіркеліп тартқан. Нысанның құлап кету қауіпсіздігін сақтандыру мақсатында базар адамдары, жақын маңдағы мекеме қызметкерлері мен тұрғындар түгелдей көшірілген. Ал Ордабай ақсақал тракторға жақын маңнан мұнараның бой көтергеніне куә болыпты.
– Нұсқаушы тракторларға бір мезетте қозғалу үшін белгі берді. Содан телемұнараның басы тікейді. Жерден біршама көтерілгеннен кейін құлаушы аша темір екеуінің арасы ажырай бастады. Осы кезде мұнара теңселіп кетті. Алыстан бақылап тұрған мен де қатты қорықтым. Абырой болғанда трос жегілген тракторлардың күшінің арқасында апат болмай, мұнара тігінен бой көтерді. Бірақ, табаны ұясына дұрыс отырмаған болу керек, сәл қисайып тұрды. Құрылысшы мамандар ертесіне қайта ұяшық жасап, мықтап шегендеді. Алып болттармен жерге бекітті, – дейді О.Аяпбергенов.
Телемұнараны тұрғызғаннан кейін пошта мекемесі шатырындағы антеннаны осында қайта орнатқан. Дегенмен, бағдарлама таратқыштың диаметр 10-15 шақырымды ғана қамтыған. Қазалы қаласы мен Басықара сияқты жақын елді мекен тұрғындары биік антенна құрып, теледидарды әрең көргендерін айтады. Бертін келе қуаттылығы мен қамту аймағы кең құрылғылармен қатар байланыс құралдары үшін де тиімді жағдай жасалған.
Күнделікті көріп, көзіміз үйреніскен Қазалының «Эйфель» мұнарасы осылай еңсесін тіктеген екен. Таудай тәуекел мен ерен еңбектің арқасында халық игілігіне жарап тұрған нысан кент келбетіне де айрықша көрік беріп тұр.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
26 қараша 2022 ж. 138 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 19

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930