Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қызметкерлер кітапқа қызыға ма?

Мемлекеттік қызметкерлер кітапқа қызыға ма?

Қазақ әдебиетінде, тарихында ертедегі хандардың, оған бағынышты уәзірлер мен билік саласындағы қызметкерлер ұшқыр ойы, терең білімімен сипатталады. Өйткені ата-бабамыз ұлан-ғайыр атырапты найзаның ұшымен ғана қорғап қалмағаны түсінікті. Бұл тұста даналықтың, стратегиялық сауаттылықтың, сондай-ақ дипломатиялық қарым-қатынастың иісі сезіледі. Ал бұндай қасиеттерді кітап оқымай игеру мүмкін емес. Осындайда «Бүгінгінің билеушілері білімнің қайнар көзімен достасып жүр ме?» деген сұрақ ойға оралатыны рас. Сол себепті жақында қазалылық шенділер кітапханаға қаншалықты жиі баратынын зерттеп көрген едік.

Аудандық кітапхана мамандарына осы мәселе төңірегіндегі сұрақ жолдағанымызда қазіргі облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновтің есімі алдымен аталды. Бөлім меңгерушісі Зоя Мұстафаеваның айтуынша, ол аудандық салық басқарасында қызметте жүргенде кітапханаға жиі келетін болған. Бұл жауап бізді таң қалдыра қоймады. Өйткені қазалылық жұртшылық Фердоусиді қарапайымдылығы мен өз ісінің шебері ретінде жақсы таниды.
Сонымен бірге аудан әкімінің көмекшісі Мұқтар ­Бисенбаев “Бөбек” ғимаратына жиі соғады. Кітапханашының мәліметінше, ол кітапты аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлының сұрауымен алады. Сондай-ақ әкімінің идеологияға жауапты орынбасары Әлімжан Жарылқағанов пен ауылшаруашылық мәселелері жөніндегі орынбасары Бақытжан Жарылқаптың ашық абономенттері бар. Қала әкімдігінен келушілердің саны – біреу. Оның өзі шаһар әкімінің жақында ғана тағайындалған орынбасары Дәурен Тілеумбетов есімді азамат.
Кітапқа жаны жақын бөлім ретінде аудандық экономика және қаржы бөлімдерін айтсақ жарасады. Қолда бар деректерге сүйенсек, Қонысбек Құрманбаев, Қайрат Әбубәкірұлы, Ахметулла Амановтар білімін толыстыруды естен шығармайтын көрінеді. “Nur Otan” партиясының Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан мен “Jas Otan” жетекшісі Гүлдәрі Иманәлиева да кітапхананың тұрақты оқырманы екен. Ал аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Болат Жолтаев пен халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Кәмшат Жолмырзаеваның кітапты жақсы оқитынын бұрынырақ та естіп жүрміз.
Аудандық жастар орталығының директоры Асылхан Дәрібаевтың әлеужелі парақшасындағы негізгі суреті кітап сүйетіндердің қатарынан екенін аңғартады. Кітапханашы апай бұдан бөлек мемлекеттік кірістер басқармасында жұмыс істейтін Жаңбырбай Табынбаев пен Елеу Қанатовтың есімін ерекше атады. Бірақ өкінішке қарай абономенті бар мемлекеттік қызметкерлердің тізімі осымен аяқталып қалды. Қалай ойлайсыз, мемлекеттік қызметкердің 15-і ғана өзін жетілдіру мен білімін толықтыруға уақыт бөлсе жеткілікті ме?
Әрине технология дамыған қазіргі заманда шетел әдебиеттері мен әлемдік бестселлер туындыларды ­тапсырыспен алдырып, оқып бітіргендер болуы мүмкін. Сондай-ақ электронды форматтағы қазына ғаламторда қолжетімді. Дегенмен оқырман үшін барлық жағдай жасалған, тарихи және заманауи кітаптарға толы кітапханаға елге қызмет етіп жүрген жандардың жиі бас сұғуы керек-ақ. Өйткені халық мемлекет қаржысын игеру, ұлт идеологиясын жүргізумен айналысатын басты сала мамандарының біліміне сеніп отыр. Бірақ кейде олардың газет оқуға да ынтасы жоқ па деп қаласың. Өйткені басылым бетінде көтерілген халық ойы, қордаланған мәселелер жайындағы мақалалар ескерусіз, елеусіз қалатын кездері болады. Бұл жергілікті биліктің бұқара базынасын ескермей, кемшіліктерге бейқам қарайтынынан деп айту қиын. Алайда әрбір ортаға тасталған тақырып еріккеннің ермегі емес, туған жерге деген жанашырлықтан, дамуға болысудан туатынын “оқып”, түсіну, соған сай әрекет ету құпталады. Зейін ашық болсын, ағайын!

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
26 мамыр 2020 ж. 531 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 62

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930