Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Наурыз нақыштары

Наурыз нақыштары

Ал шығу тарихына келер болсақ, аталған мейрамды әлем халықтарының көпшілігі ертеден тойлайды. Кейбір деректерде Наурыз мейрамы Орта Азия халықтары арасында бес мың жыл бойы аталып өтілетіндігі жазылады. Бұл мейрамды ежелгі гректер «патрих», тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардуган», бурятттар «сагаан сара», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе» деп түрліше атаған.
Парсы тілдес халықтар Наурыз мейрамын бірнеше күн тойлаған. Әр жерге от жағып, оған май құятын болған, жаңа өнген жеті дәнге қарап, болашақты болжаған. Наурыз жаңару, жаңғыру мерекесі болғандықтан, ескі-құсқы киімдерден арылып, ескірген шыны аяқты сындырған. Наурыз сөзі парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Қазақ халқы Наурыз мейрамын күн мен түн теңесетін, жаңа жылдың басталар шағында тойлайды. Ұлыстың ұлы күнін «Армысың, әз Наурыз!» деп қарсы алады. Ел арасында 21 наурызда Жер иесі – Қыдыр ата ел-елді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген наным-сенім бар.
Көктем мезгілінің шуақты мейрамы – Наурыз 1988 жылы қайта жаңғырды. Қазақстан Президентінің Жарлығымен елімізде Наурыз мейрамы 2010 жылдан бері үш күн тойланып келді. БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен 2010 жылы Наурыз халықаралық мейрам мәртебесіне ие болды. Ал 2016 жылы ЮНЕСКО – Ауғанстан, Әзербайжан, Үндістан, Иран, Ирак, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан және Түркия елдері атынан Наурызды адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізді.
Наурыз тек күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулыға жан бітетін мейрам емес. Бұл – бірлік пен еңбектің, мейірімділік пен ізгіліктің, достық пен татулықтың мерекесі. Бұл күні бұрын ренжісіп жүргендер өкпе-ренішін ұмытып татуласады, бір-біріне кешіріммен қарайды. Таң атысымен таныстарының үйіне кіріп, құтты болсын айтады, аулаларын кір-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызады, гүл егеді. Әр жерде көкпар, қыз қуу, қазақ күресі секілді ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылады, ән шырқалады, би биленеді, қыз-жігіттер алтыбақан тебеді.
Сонымен қатар міндетті түрде Наурыз мейрамының дәстүрлі тағамы – Наурыз көже дайындалады. Оған ең кемі жеті түрлі дәм қосылады.
Наурызға қатысты салт-дәстүр мен түрлі ұғым қалыптасқан. Мәселен, Наурызнама – ойын-сауыққа арналған шат-шадыман мереке. Бұл күні үлкен болсын, кіші болсын осы мейрамға қалмай келіп, көңілді ойын-сауықтар өткізеді. Наурызнамада үлкендер жастарға бата береді, халықтың ұлттық дәстүрі мен әдет-ғұрпы кеңінен орын алады. Бiрақ әр шаңырақ өзiнше наурыз көже пiсiрiп, ақ толы аяғын босағадан аттағанның бәрiне ұсынған. Ауыл ақсақалдары әр шаңырақтан дәм татып, үйдегiлерге ыдыспен сыбаға тасып жүрген. Ол сыбаға iшiлместен бұрын қазанға құйылады. Бұл «Дәм-тұзымыз араласқан тату болайық» дегеннiң белгiсi. Бойжеткендер соғымның соңғы етiн уызға салып пiсiрiп, ұнатқан жiгiттерiне тартады. Бұл салт қазақта «ұйқыашар» аталады. Ұйқыашардың қарымтасына жiгiттер «селт еткiзер» рәсiмiн жасайды. Яғни қалауынша айна, тарақ, әтiр суын сыйлайды. Айна – пәктiктiң, жастықтың, тарақ – әдемiлiк пен сұлулықтың, ал иiссу – жаңа бүршiгiн жарған жауқазындай құлпыр деген белгi. Ол жігіттің ойын сезген сезімтал қыздар, әрине, «селк» ете қалады. Сондықтан да бұл сый «селт еткізер» деп аталады. Наурызшешек – Наурыз айында өсетін жапырақты, әдемі гүлді, қауашақты әсем өсімдік. Латынша «primula» деп аталатын наруызгүлдің ұзындығы 15-35 см шамасында болып келеді. 15-30 см шеңберде шоғырланып өседі. Наурызгүл қар ери салысымен бүр жарады. Толықтай гүлдейтін кезі сәуір-мамыр айлары. Кейде оны әсемдік үшін үйде де өсіреді. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында оның бірнеше түрі кездеседі. Наурызшешек Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін бағалы өсімдік. Наурызшешекті үзіп, жұлмаған. «Биыл біреуін үзсең, келесі жылы он гүл шықпай қалады» деген ырым бар.
Наурыз тойланатын елдерде 362 әулиенің ішінде Ғайып Ерен, Қырық шілтен, Жеті әулие ерекше деп танылады, мұндағы Жеті әулие «абрар» деп аталады. Наурыз көжедегі жеті дәмнің арғы мәнінде жеті әулиені пір тұту жатады деп жорамалдауға болады.
Бұл – тек наурыз тойына ғана тән, барша жиналған жұртқа арналған мерекелік тағам. Аналарымыз қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға салады. Соғымға сойылған малдың басы немесе шекесі қосылып, қазы-қарта, жал-жая асылады. Еттің сорпасына көже қайнатады. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосады. Тұз бен суды қосқанда дәмнің саны тоғыз болуы тиіс. Түркі халқының ұғымында жеті мен тоғыз және қырық – киелі сандар. Сол себепті наурыз көже қасиетті тағам болып саналады. Оған қоса, ол – тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы.
Өкпек есіп, қар ери бастағанда өзгелердің алды болып ұшып келетін жұдырықтай ғана жыл құсы бар. Оны қазақ наурызкөк, наурызек немесе көкқұс деп атайды. Кей жерлерде оны жылқышы құс деп те айтады және бақыт құсы қатарына қосады. Құсты бірінші көрген адам оны жақсылыққа балап, жем шашады, Наурызкөкті алғаш көргендер «Наурызкөгім келдің бе?» немесе «Наурызек, қайтып келдің бе, анаңның көзі жазылды ма?» деп сұрайды екен. Аңыз бойынша, мұндағы Наурызектің анасы – Жер – Ана. Яғни, Жер – Анаға көктем келді ме, табиғат жаңарды ма? деген мағына береді екен.
Жеп-жеңіл ұшқалақтап тұратын кішкентай құс – Наурызкөктің құйрығы ұзын, түсі көк болады. Наным бойынша, Наурызкөк келгеннен кейін күннің қатуы сынып, айтарлықтай боран, суық болмайды екен. Әлемде бұл құстың 60 түрі бар көрінеді. Ол ұясын көбіне шөп арасына салады екен. Наурыз айында мал төлдей бастайды. Олар «наурыз төлі» деп аталып, төл басы ретінде бағаланып, ерекше күтімге алынады. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді. Мұндай малды көбіне өз қызығына, тойына, құрбан айт күндерінде ­сойып, ырым етеді. Наурыз айында ашық күндері қолдан жасаған ою-өрнек секілді жұп-жұқа қиыршық қар түседі. Қырбақ, қарайған жерді жасыра алмай, қылаулап жауған жұқа қар күн көзіне шашырап, жылтылдап құбылады. Ол жеңіл де үлпілдек болады. Мұны халық «наурызша» деп атаған. «Наурызша» – жаңа жылдағы жылылықтың белгісі.
Дайындаған
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
21 наурыз 2020 ж. 37 0

Руханият

Базарқожа әулие

Базарқожа әулие

27 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930