Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Сіздің үйде сандық сақталған ба?

Сіздің үйде сандық сақталған ба?

Бұрын біздің үйде бір зат бар болатын. Жаз шықса, сарайға көшеді, қыс келгенде қайта үйге кіреді. Бұл не дейсіздер ғой, ол – кәдімгі сандық. Үстінде үнемі көрпе-төсек жиналып тұратын. Ал ішінде анам ыдыстарын сақтайды. Биыл да күз түсіп, әдеттегідей үйге көшуді бастадық. Бірақ сандықты сарайда қалдырдық. Оның бұлай қалуы бірінші рет емес. Сарайдың төрінен тұрақты орын тапқанына біршама жыл болды.
Қанша уақыт бұрын жасалған дүние, алайда ою-өрнектерінің бояуы өңіп кеткені болмаса, сырын бермеген. Асқан ыждаһаттылықпен істелгені көрініп-ақ тұр. Қызыл мен жасыл түсті үйлестіріп, түрлі өрнектермен көмкерілген ағаштастың қақ ортасына ойып тұрып жазылған жазуды ес білгелі оқып келсем де бүгін көзіме ерекше көрінді. Майда шегелермен жазылған «Қызғалдақ» деген жазудан-ақ кімге тиесілі екені байқалады. Әкемнің әпкесі үшін арнайы жасатылған. Әкем мен анам еншілерін алып, бөлек шаңыраққа қоныс тепкенде ата-әжем екі сандық берген екен. Соның біреуі осы. Әкемнің айтуынша, ауылға келген татар ұстаға қомақты қаражат беріп жасатқан  бұйым екен. Біздің үйдегі бір сандықтың тарихы осындай. Ал екіншісінде әлі күнге үйде көрпе-төсек жиылып тұр.
Жалпы сандық қай кездері пайда болды, әр қазақтың шаңырағынан кем дегенде біреуі табылатын осы жиһаздың сыры неде деген сұрақтар толғандырып, кітап ақтарып, үлкендердің әңгімесіне құлақ түрдім. Қолыма тиген алғашқы кітапта: «Қазақ тұрмысында ерте кезден пайдаланылып келе жатқан ең ежелгі жиһаздың бірі – сандық. Көшпенді халық оның ішіне киім-кешек, дүние-мүлік, ас-ауқат сақтап, үстіне көрпе-төсегін жинаған», – деп басталатын мәліметке қанықтым. Расында да ескі суреттерден байқасаңыз, кейбір сандықтың түрлері керует ретінде де пайдаланылған. Қазірде ас-ауқат сақтамағанымызбен, аналарымыздың кейбір құнды дүниелерінің тұратын орны сол жер. Бәз біреулер үшін жай ғана сандық аталатын мүліктің бойына бүккен біршама сыры бар. Қолданыс аясы да, салт-дәстүрдегі мәртебесі де бөлек.
Мәселен, қазақ үшін қалыңдық жасауының ажырамас бөлігі – сандық. Қыз ұзатылғанда киім-кешегі, әшекей бұйымдары сандыққа салынып, бірге жіберіледі. Қалыңдықтың артынан барған көрпе-төсекті сол сандықтың үстіне жинап қою да әдетке айналған. Қыз үйінен ұзатылып, құтты жерге қонған кезде «Сандық ашар» рәсімі өткізілетіні мәлім. Үлкендердің айтуынша, бұл жоралғының астарында терең мағына жатыр. Келін түскенде оның сандығына арнаулы мата салынады. Ол тойға қатысқан әйелдердің бәріне жыртылып таратылады. Жұғысты болсын деген ниетпен үлестірілетін «жыртыс» кәделі сый болып есептелген.
Енді бір деректен сандықтың бірнеше түрі барын білдім. Сандықтың жағылан деген түрі қазақ даласында ХVІІІ-ХІХ ғасырда кең тараған. Киім-кешек басқа да бұйымдарды ішіне салып қойған көрінеді. Оның негізі жұқа тақтайлардан құрастырылып, сырты түгелдей былғарымен қапталған, бет жағы ғана әр түрлі әдіспен көркемделген. Сыртындағы былғарыға қошқар мүйіз, қос мүйіз, сыңар мүйіз секілді ою-өрнектер жүргізілген. Жағылан бетінің дәл ортасынан дөңгелек, екі шетінен жапырақ тәрізді дөңес көздер көксауыр былғарымен          ойыстырылады да, төрт бұрышындағы дөңгелек жұлдыз тәрізденіп бастырылған өрнектің ортасына күміс көздер орнатылған. Кейбір жағыландар қызғылт былғарымен де қапталыпты. Ал, зат сақтайтын үлкен сандық, ол –  әбдіре аталады. Оның сыртын қаңылтырмен әшекейлеп қаптап қояды. Этнографтар абдыра сөзін түркі тілінде «абық», «абыт» бірдеңені «тығу», «жасыру» деген сөзінен шығуы мүмкін деп те жорамалдайды. Қазір де әбдіре-сандықтың түрлері тұрмыста қолданылып жүр. Кесе, аққұман, өзге де ыдыс-аяқ салуға арналған сандық – бөгіребас. Көлемі жағынан өзге сандықтарға қарағанда кішірек келеді.
Мына бір дерек тіптен қызық. «Сандық ежелден келе жатқан тұрмыстық бұйым. «Тутанхамонның қабірінен табылған ежелгі сандық бұл жиһаздың Ежелгі Мысырдан бастау алғанын дәлелдейді. Оның сыртында соғыс пен аңшылық кезіндегі суреттер бейнеленіпті. Кейін келе Еуропаға да тарап, италяндықтар оны «кассоне» десе, ежелгі римдіктер «арок» деп атаған. Аты басқа болғанымен, сандықты барлық жерде зат сақтау үшін пайдаланғаны анық» деп жазылады.
Бұл мәліметтерді кітап беттерінен білдім. Ендігі кезекте таныс-туыстардан сандық туралы сұрадым. Көнекөз қариялар өткенді еске алып, жастық дәуренге барып қайтты. «Бұл сандық әке-шешемнің көзі. Тұрмысқа шығып, ерімнің босағасын аттағанда артымнан келгені екі-үш төсеніш пен осы сандық. Одан бері де елу жылға жуықтады. Көзімнің қарашығындай сақтап келемін. Кейде балалар: «Апа, мына сандық ескірді. Түсі де өңіп барады. Жаңасын алайық, қазір неше түрлі сәнді сандық бар», – дейді. «Қарағым, мәселе ескілікте емес, дүниенің құндылығында. Мен үшін ең бағалы затты көзімнің тірісінде далаға шығартпаймын», – деген Дәметкен әже анадай жерде тұрған сандыққа ерекше мейірлене қарады.
Дәметкен әже сандығына орамал-жаулықтары мен немерелеріме деп тәтті сақтаса, Сәулеш апа той-томалаққа апарамын деген тауарларын салады екен. «Төсек орынмен бірге келген сандық. Басқа заттың бәрін уақыт өте келе жаңасына айырбастадық. Сандықты жаңалау дегенді тіптен ойламаппын», – дейді ол. Дариха апа келінінің төсек орны келген кезде ескі сандықты есіктен шығарыпты. Сарайлардың бірінде сақтамаса керек, қайда екенін есіне түсіре алмады.
Сұрастырған адамдарымның көпшілігінің үйінде сандық бар болып шықты. Дегенмен ішінде әр түрлі зат салынған. Бірі ескі киімдер тұрады десе, енді бірі әжемнің ұршығы мен тоқыма жіптерін содан табамыз дейді. Жасыратын несі бар, «Үйіңізде сандықта не сақтайсыз?» – деген сауалымызға: «Біздің үйде сандық жоқ» дегендер де кезікті. Жағалай жүріп, сандық жасайтын ұсталар мен сандық сатушы саудагерлермен де тілдестік. Ағаш шебері тапсырысқа сай кез келген сандық түрін жасап береміз дейді. Сатушының айтуынша, жеке сандықтан гөрі жиынтық сандықтарға сұраныс артып тұр. «Қазір кіші, орташа, ірі көлемдегі үш сандық өтімді. Бұлардың көбінің сырты матамен қапталып, тастар, ою-өрнекпен безендірілген. Қыз жасауын іздеген қалыңдықтардың басым көпшілігі соны таңдайды», – дейді.
PS:Уақыт жылжып, жыл ауысқан сайын талғам да таңдау да өзгерері анық. Заманға қарай жаңа дүниенің қолданысқа енетіні де белгілі. Дегенмен бүгінгі сандықтар елу жылдан кейін де жат жұрттыққа айналған қыз баланың жастық шағын еске салар, әке-шеше аманаты ретінде сақталар ма екен?
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ
05 қараша 2019 ж. 31 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930