Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жайқалған жасыл желегі

Жайқалған жасыл желегі

Қазалы қаласында жасыл желегі тербелген, бау-бақшасы жайқалған көрікті аулалар көп. Мұнда алғаш келгендер мен қонақ болғандардың айтуынша, Қазалы қаласы құдды бір орманды көз алдыңа елестетеді. Тіпті таза ауамен тыныстап, жанға жайлы тыныштықты іздесеңіз осында келуге кеңес беретіндер де табылып жатады. Расында да әр үйдің іргесінде шағын бақша бар. Кейбірі өнімдерін күнделікті жеуге тұтынса, енді бірі көкөніс сатып, азды-көпті ырзық-несібесін айырады. Біз барған Балдырғановтардың бұрын қаладан бес шақырым жерде бақшасы болған екен.

Олар қаладағы Қорқыт ата көшесінің бойында тұрады. Ауладағы бақшада қызанақ, қияр, тәтті бұрыштан бөлек жеміс ағашы – қара өрік өседі. Тұтулы тұрған шымылдырықты көз алдыңа келтіретін жүзімнің жайы тіптен бөлек. Дәмі бал татитын жүзімді алғаш рет отағасы Кеңес Балдырғанов отырғызған екен. Көзінің тірісінде бақшаның бабын таба білген жан қала сыртынан бақша егіп, көкөністің түр-түрін өсірген. Көктем шығысымен үйреншікті шаруаға араласып кететін азамат бала-шағасын да еңбек етуге ертеден бейімдеген.

– Мен ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқардым. Жолдасым жыл сайын бақша егетін. Көмектесуге бәріміз баратынбыз. Отағын жұлып, суаруға, күтім жасауға қол ұшын беретін едік. Балалар да сол уақытта жерден өнім алудың қыр-сырына қанықты. Жеміс бергенде базарға апарып өткізетін. Қазір тек үй маңындағы бақшаны баптаудамыз, – дейді отанасы Әлияш апа.

Жеміс-жидектердің күті­мін шаңырақтағы ұл Қасым қолға алған. Анасымен бірге жары Жанар да жанынан табылады.
– Әкем бақша еккенді жақсы көретін. Өте еңбекқор жан болды. Ол барда ауламыз тіптен жайқалып кететін. Қазір де жыл сайын жер аударып, тұқым себуге дайындаламыз. Жаз бойы табиғи көкөніс жейміз. Қазір қызанақ, қияр, тәтті бұрышты пайдалынып жатырмыз. Жүзім де пісіп қалды. Күзде қара өріктің дәмін татамыз. Қонақ келсе де бақшадан алып, дастарқанға қоямыз. Таза өнімнің денсаулыққа пайдасы өз алдына, – деген Қасым Кеңесұлы бұл қарекеттің отбасылық қаражатты да үнемдеуге көп көмегі тиіп отырғанын жасырмады.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
Фото: Қаракөз ЕРМЕКБАЕВА
13 тамыз 2019 ж. 1 204 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 100

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930