Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Асық ойнаған азбайды

Асық ойнаған азбайды

Қазақ халқымен ежелден бірге жасап келе жатқан дәстүрлі ұлттық үрдісінің бірі – асық ойыны. Ең қызықты әрі кең тараған бұл бүгінгі таңда да өз мәнін жойған жоқ.

Баланы ептілікке, шапшаңдыққа, мергендікке, ұқыптылыққа және сергектікке үйрететін ойын адамның дүниетанымын кеңейтетін қасиетке де ие. Қазіргі балалар асықты мүлдем білмейді емес, ара-тұра болса да аталған ойынның көркін қыздырып жатқан жеткіншектерді кездестіреміз. Олардың көпшілігі оның тәртібін білгенімен пішіні, түріне қарай қалай аталатындығынан бейхабар болуы мүмкін. Осы ретте ежелден келе жатқан ұлттық ойынның ерекшеліктерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Алдымен асыққа анықтама бере кетсек, ол – төрт түлік мал мен жабайы аңдар тілерсегінде болатын, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Қой, ешкі, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне қарамастан бір пішіндес, мүсіндес келеді. Ал жылқы асығы басқа пішінді болады. Асықпен «Ханталапай», «Үштабан», «Шеңбер» сияқты неше түрлі асық ойындары ойналады. Мұндайда асықтың сыртқы пішіндері үлкен рөл атқарады.
Алшы – асықтың иірілгенде тегіс табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ойын кезінде оған бірінші дәрежелі мән беріледі.Тәйке (тауа) – асықтың иірілгенде шұңқырлау табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ол екінші дәрежелі мәнге ие. Бүге (бүк) – асықтың иірілгенде дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен жатық жатуы. Ол үшінші дәрежелі мәнге ие. Шіге (шік) – асықтың иірілгенде шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан қалуы. Ол төртінші дәрежелі мәнге ие. Ал тұрық деген асықтың алшы не тәйке түсуі. Асықтың тұмсығымен жер тіреп, тік шаншылуын омпы деп атайды. Сомпы – асық тұмсығының көкке қарап, тік шаншылып шоңқаюы. Табан – асықтың тәйке жағы. Оңқай – асықтың бүгесі алақанға қарап, тәйкесі оң қол бас бармағына басылуы. Оңқай асық малдың сол жақ аяғының тілерсегінде болады. Солақай – асықтың шігесі сыртқа қарап, алшысы оң қол бас бармағында ыңғайлы ұсталуы. Солақай асық малдың оң жақ аяғының тілерсегінде орналасады.
Асықтың ішіндегі төресі, ең ірісі – сақа. Ол шымыр әрі ыңғайлы келеді. Ойында сақа басты құрал болып саналады. Мұндай асықтар көбіне қошқар мен ісек қойдан алынады. Ойын үстінде ұпайға тігілетін, қарапайым асық – Кеней немесе кентай аталады. “Кішкентай” сөзі “Кіші” және “кентай” сөздерінен шыққан. Қойлақ – қойдың асығы. Ең кәделі, бағалы асықтар. Құлжаның асығы да бағалыға жатады. Сиырдың асығы – Топай үлкен келеді. Оны көбіне даладағы атыс ойынына қолданады. Қорғасын құйылған салмақты сақаны көрген боларсыз. Оны көктабан атаған. Ал піспеген жіліктен алынған асық – шикіл. Ол тез омырылғыш, сынғыш. Атыс ойынына жарамай жататын кездері көп.
Асық жатысына қарай да түрліше сипатталады. Пұш немесе жипық – тәйке не алшы немесе шігінен егелген асықтар. Асықтың тәйке немесе алшы түскендегі қалпы тұрық деп аталады, яғни асықтың тұруы. Жатық – бүк немесе шік түсуі, яғни жатуы. Асық не тұрық емес, не жатық емес, қырындай жатса, қынжы делінеді. Асықтар бір-бірімен жанасып жатса немесе тұрса, бұл қимыл деген атауға ие.
Асық ойнау үшін тегіс, тақыр жер таңдалып алынады. Асықтар тігілген орын сызық, шеңбер, сөре аталса, ойын барысында қолданылатын өлшемдер табан, адым делінеді. Егер ойыншылар бірінің сақасын атып тигізсе, оны «өлді» дейді. Демек келесі кезекке дейін ол ойынға қатыса алмайды. Қарсыласының сақасын атып «өлтіріп», оның асығын алуды құстыру деп атайды. Ойын кезінде қағу, қаржу, иіру, шерту, басу, тап басу әдістері қолданылады.
Балалардың қолынан асықтың қызылды, жасылды түрін де байқап жатамыз. Боялған асықтар әдемі әрі бірден көзге түседі. Жоғалса тауып алуға, тез тануға да ыңғайлы.
Асық туралы біраз ақпарат айтылды. Пайдасы да ұшан- теңіз. Ертеректе үлкендер балаларыма, немерелеріме деп асық жинап, оны арнайы дорбада сақтаған. Ал қазіргі кезде атадан әкеге, әкеден балаға мұра болып қалар асықтар азайып бара жатқан жоқ па? Сіз асық жинап жүрсіз бе?
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
12 мамыр 2020 ж. 87 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930