Үкімет жанар-жағармай нарығын толық бақылауға алады
Фото: Pixabay.comСкляр шекарадағы бақылауды күшейтуді тапсырды. SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Үкімет жанар-жағармай (ЖЖМ) нарығын бақылауды күшейтеді.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен кеңесте мұнай өнімдері нарығындағы бақылау тетіктерін жетілдіру және заңсыз тасымалдың алдын алу мәселелері қаралды. Склярдың айтуынша, ішкі нарық ЖЖМ-мен тұрақты қамтамасыз етіліп отыр, мұнай өңдеу зауыттары мен логистика қалыпты режимде жұмыс істейді. Соған қарамастан, көрші елдермен баға айырмашылығы отынды заңсыз әкету қаупін күшейтіп отыр. Осыған байланысты жауапты органдарға алдын алу және бақылау шараларын жүйелі жалғастыру тапсырылды. Үкімет шекаралық және ішкі бақылау құрылымдарының өзара іс-қимылын нақтылай түсті. ІІМ, Қаржы мониторингі қызметі, кеден және шекара бөлімшелері арасындағы үйлестіру күшейтіледі. Мақсат – жедел ақпарат алмасу, құқықбұзушылықтарды дер кезінде тоқтату және нарықтағы тәртіпті нығайту. Энергетика министрлігіне саланы цифрландыру жұмыстарын жалғастыру жүктелді. Мұнай базаларын есепке алу құрылғыларымен жабдықтау, деректерді нақты уақыт режимінде беру және заңнамаға дайындалып жатқан түзетулер мұнай өнімдерінің бірыңғай есеп стандартын қалыптастыруға бағытталмақ. Скляр Үкіметтің басым міндеті – ЖЖМ нарығының ашықтығын, тұрақтылығын және ішкі сұраныстың уақтылы өтелуін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады. Кеңестің қорытындысы бойынша, мемлекеттік органдар мұнай өнімдерінің қозғалысын МӨЗ-ден соңғы жеткізу нүктесіне дейін толық мониторингтеуді жалғастырады. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін қорғауда негізгі құрал ретінде қарастырылып отыр.













