ОТБАСЫНЫҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Отбасы-мереке

Отбасы – шағын мемлекет. Үлкен мемлекетіміздің тұрақ­тылығы мен өсіп-өркендеуі – онда тіршілік ететін әрбір отбасына байланысты. Ал отбасын құрайтын сіздер мен біз, яғни, оның мүшелері. Тәрбиенің түп қазығы саналатын отбасының құндылығы қашанда жоғары.

Иә, үйлену – сүннет, үй болу– міндет. Отбасы ұғымын әркім әр қалай түсінеді. Егер отбасы – белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы деп қарасақ, үлкен тәрбие мектебі екенін де ұғынуға болады. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылатын да отбасы.

Осы орайда, біз оқырмандар талқысына «Отбасының басты құндылығы қандай?», «Отбасының іргесі берік болуы үшін не істеу керек?» деген сауалдарды тастаған болатынбыз.

Жолжақсы ШҮКІР, теолог:

Ислам дінінде мұсылман ер мен әйелдердің өзіндік міндеттері белгіленген. Ол бойынша ер кісілерге отбасын асырау, жанұя мүшелерін барлық жағынан қамтамасыз ету міндеттелсе, әйел адамдарға күйеулеріне бағыну, бала тәрбиесін қадағалап, күйеуінің мүлкін ұқсатып ұстау, ар-ұяттарын қорғау, отбасы абыройына дақ түсірмеу міндеттелген.

Өйткені, ерлі-зайыптылардың өз мін­деттеріне жауапкершілікпен қарауы отбасы тұрақтылығының кепілі. Отбасының берік болуы әйел мен еркектің теңдігінен гөрі екеуінің бір бүтінді құрауына, әрқайсысының өзіне тиесілі міндеттерін атқаруына байланысты.

Алмажан әже:

– Байқап қарасаңыз, әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері бар. Ал біз отбасында ұлттық салт-дәстүрді сақтай отырып, әдет-ғұрпымызды үйретеміз. Ең бірінші «Ұят болады» дегенді бала санасына тереңірек сіңіру қажет. Иманы мықты, ұяты күшті азаматтың отбасы құндылығын сақтай алатындығы айтпаса да түсінікті.

Қазір ажырасу емі жоқ індет сияқты қаптап кетті. Кеше қосылып, бүгін бөлек кететіндерге қарай отырып, отбасында көрген тәрбиесіне, яғни, ата-анасына тіл тиіп кетіп жатады. Көп жағдайда келіннің әке-шешесін тілдеп, «қызын дұрыс тәрбиелей алмады» деп айыптайды. Сонда ұлдың әке-шешесі қайда қалады. Келген келінді тәрбиелеп алатын солар емес пе? Бәрі де кінәліні іздеп, бір-біріне күйе жағуға даяр тұрады.

Келін ененің сөзін, ене келіннің қателігін кешіре алмайды. Мен 16 жасымда үлкен шаңыраққа келін болып түстім. Білгенімнен білмегенім көп еді. Бірақ енеміз үйретті. Қаталдық та танытқан кездері болды. Оның бәрін шешемізге айтып, шағымданғанымыз жоқ. Ол кездегі үй шаруасын бүгінгімен тіптен салыстыруға келмейді. «Түйе жүгі жеңілдеген сайын, жатаған келедінің» кері ғой қазіргілердікі.

Жанар КЕЛІМБЕТОВА, келін:

– Менің түсінігімдегі отбасының бас­ты міндеті – бала тәрбиелеу. Ата-анасы мен үйдегі үлкендер бала өмірге келген сәттен-ақ, оған қамқорлық жасап, болашағына алаңдайды. Саналы азамат болып өсуі үшін күш-жігерін жұмсайды. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демей ме? Балаға құрмет, сыйластық, ізеттілік секілді асыл қасиеттерді ауызша айтып түсіндіргеннен гөрі, өз ісіміз арқылы көрсете білсек жеткілікті.

Балаға берілген тәлімді тәрбие оның келешекте өз отбасын сақтай алуына және берік етіп ұстауына зор ықпал етеді. Сондықтан отбасының құндылығы арту үшін оның мүшелерінің имандылығы мен көрегендігі маңызды.

Отбасы құндылығы туралы бәрінің де айтпағы орынды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айт­қа­нындай: «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрі­ніп, қалыптасады. Отан­ға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіс­пеншіліктен басталады».

Ал, Сіз үшін отба­сының мәні мен беріктігі неде? Ойланып көрдіңіз бе?

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.

Көрудің саны: 29  

Пікір қалдыру

Жаңалықтар