ЭКСПО – ЖАҢҒЫРУЫМЫЗДЫҢ БАСТАУЫ

3ec0f9a50bbd6ef2bb29a17b11d45f3a

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр.

Екі дәуір түйіскен өлара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр» деп атап көрсеткен болатын.

Кеше ғана үлкен жетістіктермен аяқталған ЭКСПО халықаралық мамандан­дырылған көрмесі осы түбегейлі жаңғырудың басы деп білеміз. Қазақстан өзіне берілген теңдессіз мүмкіндікті тамаша пайдалана білді.

Көрменің жабылу салтанатында сөз сөйлеген Елбасымыз ЭКСПО-2017 жаһандық көрмесінің табысты өтуі Астана мен еліміздің барлық өңірлерінің арқасында жүзеге асқанын, айтулы шараның ондаған мың адамға жұмыс тауып бергенін, мұндай үлкен көрменің ел экономикасының дамуына зор ықпал жасайтынын атап көрсетті. Елбасы сондай-ақ ЭКСПО көрмесінің еліміздегі туристік саласына да ерекше қарқын бергенін, көрме аясында «жасыл» технология мен инвестиция жөніндегі халықаралық орталықтың құрылатынына, сондай-ақ «Нұр Әлем» және көрме тақырыбы көрініс тапқан басқа да бірқатар павильондар «ЭКСПО мұрасы» ретінде сақталатынына тоқталды. Тоқсан күнге созылған Астана көрмесіне қолдау көрсеткен Қазақстан халқына, барша қонақтарға зор алғысын білдірді.

Сонымен үш айға созылған ЭКСПО-2017 жаһандық көрмесі де өзінің жұмысын аяқтады. Жабылу салтанаты да ашылу рәсіміндей дүркіреп өтті. Екі жарым мыңға жуық адам қатысқан театрландырылған шоу көрме нәтижелерін көркемдік түрде көрсеткен әсерлі қойылым болды. Аспанға шаншылған от шашулардың мың сан ұшқындары ЭКСПО жеңісін әлемге паш етіп жатты.

Ең алдымен «ЭКСПО көрмесі бізге не берді?» деген сұрақтың ойға оралары анық. Бүкіләлемдік ЭКСПО көрмелерінің тарихына көз салар болсақ, 1851 жылы Лондонда өткізілген алғашқы халықаралық көрмеден бері Париж, Чикаго, Нью-Йорк, Сиэтл, Монреаль, Ганновер, Айчи, Сарогоса, Шанхай, Есу, Милан және тағы басқа қалаларда өткен ЭКСПО көрмелері сол елдердің абыройын асқақтатумен қатар, экономикаларының дамуына да зор ықпал жасаған екен. ЭКСПО көрмелерін бірнеше рет өткізген Лондон мен Париж қалаларымен бірге аталған қалалардың бәріндегі ЭКСПО қалашықтары сол елдердің туристер тамашалайтын көрікті нысандары болып қана қоймай, бизнес дамыту орталықтары ретінде де пайдаланылуда.

Осы тұрғыда жақында Елбасымыз «Астана ЭКСПО-2017 ұлттық компаниясы» АҚ басшысы А.Есімовке ЭКСПО көрмесі аяқталған соң оның ғимараттарын тиімді пайдалану жөнінде арнайы тапсырма берді. Демек, ЭКСПО үшін салынған қалашықтың игілікті істердің ұйтқысы бола беретіндігі ел тұрғындарын қуантып отыр. «Нұр Әлем» сияқты ғажайып ғимараттар ЭКСПО жетістіктерінің жәді­герлерін айғақтайтын мұражай-көрме ретінде қалдырылса, павильондардың енді бір бөлігі бизнес өкілдеріне жалға беріледі. ЭКСПО қалашығында бой көтерген тұрғын үйлер қазірдің өзінде жүздеген тұрғындардың бақытты мекеніне айналып үлгерді. Енді қонақтар тұрған қалған бөлігі де нарық бағасымен әсем қалашықтан үй алғысы келетіндерге сатылатын болады. Мұның бәрі ЭКСПО қалашығының босап қалмайтындығын білдіреді. Ендеше, ЭКСПО өткен аумақ әсем Астанамыздың көрікті  ауданы болып қала бермек.

ЭКСПО-2017 жаһандық көрмесі аясында халықаралық маңызы бар талай шаралар өткізілді. Түрлі мемлекет басшылары Қазақ елінің Президенті Н.Назарбаевпен кездесіп, елдер арасындағы экономикалық, мәдени, достық ынтымақтастықтың өзара пайдалы, қарым-қатынастық құжаттарына қол қойды. Енді міне, ЭКСПО-ның ашылуы сияқты оның жабылу салтанатына да көптеген елдердің басшылары келді. Венесуэла елінің Президенті Николас Мадуро Елбасымызға айтулы шараны көруге арнайы шақыртқаны үшін алғысын айтып, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жалғасын таба беретініне сенімін білдірді.

ЭКСПО көрмесінің жабылу салтанатынан сәл бұрын 57 елдің басын құрайтын Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым мен технологиялар жөніндегі тұңғыш астаналық саммиті өтті. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Иран Президенті Хасан Рухани, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Ауғанстан Президенті Ашрап Гани Ахмадзай, Мавритания Президенті Мохаммад Ульд Абдель-Азиз және басқа Ислам ынтымақтастығы ұйымына қатысушы елдердің басшыларының айтулы шара алдында басқосулары мұсылман елдері арасындағы жаңа ынтымақтастыққа жол ашары сөзсіз. Осы ұйымның бас хатшысы Юсеф бен Ахмад әл-Осеймин осындай саммитті алғаш рет ұйымдастырып отырған Елбасымызға ризашылығын айтып, исламофобиямен ғылымның көмегімен күресу қажеттігін алға тартты.

Иә, дүбірлеген дүние дүбірден көз ашпай тұр. Әсіресе, Сирия, Мьянма елдерінен тыныштық кеткелі бірнеше жылдың жүзі болды. Жоғарыда аталған басқосуда осы жағдайларға да алаңдаушылық білдірілді. Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ұйымының алдыңғы қатарлы он бес мемлекеті бірігіп, OIC15 форумын құру керектігін айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ислам әлеміндегі маңызды ғылыми-экономикалық мәселелерді шешу үшін G20 форумы сияқты бізге де бейресми топ құратын кез келді деп ойлаймын. Ислам ұйымының алдыңғы қатарлы он бес мемлекеті бірігіп, оны OIC15 деп атасақ дұрыс болар еді. Ислам үмметіне ғылым мен техникалар саласын да дамыту мәселесі өте маңызды болып отыр. Осыған орай алдыңғы қатарлы батыс елдерімен тұрақты әрі жемісті байланыстар орнату қажет. Олармен өзара байланыс­та болуымыз түбі ислам елдерінің ілгерілеуіне пайдасын тигізетіні анық», – деді Президент.

Сондықтан ЭКСПО тек ғылыми жетістіктерді таныстыратын көрме ғана емес, халықаралық маңызды мәселелерді ортаға салатын саяси алаңға да айналды. Қазақ елінің қашан да арағайындық, бауырмалдық пейілмен, қонақжайлық танытатын осындай қасиеттері кейбір елдердің соғысқұмар басшыларына үлгі болса қанеки дегің келеді.

Иә, біздің еліміз татулық пен береке-бірліктің арқасында осындай ЭКСПО сияқты тарихи үлкен көрме өткізіп отыр. Мыңдаған, миллиондаған қонақтар, ел тұрғындары ЭКСПО көрмесі мен Астанамыздың жетістіктерін тамашалады. Ең бастысы, елімізге сеніп тапсырылған халықаралық маңызды шара жоғары деңгейде өткеніне қуандық.

Кеше ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 жаһандық көрмесін жоғары деңгейде өткізгені үшін Халықаралық көрмелер бюросының бірінші алтын медалімен марапатталды. Көрмелер бюросының бас хатшысы Винсен Лосерталес Елбасымызға және Қазақстан Үкіметіне, Қазақстан халқына білім беру, инновациялар және ынтымақтастықтың негізгі құндылықтарына қолдау білдіріп, болашақтың энергиясы санамыздағы жаһандық ынтымақтастыққа қосқан өлшеусіз үлес қосқандары үшін алғысын айтты. Мұндай ризашылықтарды АҚШ, Ресей, Қытай сияқты ірі мемлекеттерден бастап ЭКСПО-ға қатысқан барлық үлкенді-кішілі елдердің басшылары да білдіруде.

Жалпы ЭКСПО тақырыбы адамзаттың болашағына қатысты дүниетанымдық саладағы жаңғыруды көздейді. Күн, жел, теңіз-мұхит толқыны, термалды су, ыстық бу, яғни жасыл энергияны – болашақтың энергиясын, қоршаған ортаның өз қуатын қолдана отырып, табиғаттың баламалы энергия көздерін тиімді пайдаланудың жетістіктерін насихаттап ғана қоймай, оның шешу жолдарын да ұсынады. ЭКСПО-2017 көрмесі – әлемде жер асты қорларының аяқталып келе жатқанын, енді болашақта табиғат қорларын сақтай отырып, балама энергия көздерін іздеу керектігін тағы бір рет еске салды.

Астанада өткен ЭКСПО көрмесінің тағы бір ерекшелігі – еліміздің барлық өңірі осы айтулы шараға тікелей қатысты. Үш ай бойы өңірлердің өндірістік-ауыл шаруашылық жәрмеңкелерінен құралған көш-керуендер Астанаға бет бұрып, кезек-кезегімен өз өнімдерін шетел қонақтары мен Астана тұрғындарына ұсынды. Облыс басшылары өңір тұрғындарына Астана мен ЭКСПО-ны тамашалауға жағдай жасады. Есте қалар талай қызықты шаралар өтті. Мысалы, Ұлы Жібек жолының ізімен жүріп өткен «Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» этнографиялық керуені орта ғасырлық көшпенділер мен қазіргі қазақтардың тірлігін үндестірді. Бір ай бойы жол жүріп келген қазақы көш-керуен жүк артқан түйелерімен, найза ұстап ат үстіне қонған батырларымен Астананың қақ ортасына, Хан Шатырының алдындағы орталық алаңға келіп тоқтағанда, әсіресе ЭКСПО-ға келген шетел қонақтарының таңданыстарын өз көзімізбен көрдік. Дәстүр бойынша көш алдынан шашу шашылып, жағалай тігілген киіз үйлер маңында домбырашылар бастаған той-думан бас­талып кеткенде, шын мәнінде көне Тараз көшіп келгендей әсер қалдырды.

Тағы бір қызықты оқиға Қызылорда облысының күндері өткенде болды. Астана тұрғындары ЭКСПО төрінде ұйымдастырылған облыс өнерпаздарының концертін әлі күнге дейін айтуда. Термешілердің Сыр мақамдарымен айтқан жырлары бір бөлек, сахнадағы экраннан ғарышта жүрген ғарышкерлер «біз Қызылорда өңірінен ғарышқа жол тарттық. Бәріңізге ғарыштан Астанаға, ЭКСПО қонақтарына сәлем» деп видеосәлем жолдаулары қызылордалықтардың ғана емес, барша қазақстандықтардың мерейін бір көтеріп тастағаны анық.

ЭКСПО аясында қазақилығымызды барынша танытуға тырысқанымыз басқа да ұлттық ойын-сауық, салт-дәстүрлерімізді әсерлі өткізгендігімізден байқалды. Жаһандық көрмеге арналған ЭКСПО кубогі үшін өткен аламан бәйге, жас талантты әншіміз, Қытайды ғана емес, барша әлемді таң қалдырған Димаш Құдайбергеновтің жеке концертінен кейін де небір қызықты шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі – тамыз айының аяғында көкпардан өткен әлем біріншілігі. Ақтық сында Қазақстан мен Қырғызстан командалары кездесті. Бұдан бұрын бірнеше мәрте Азия чемпионы атанып жүрген қазақ көкпаршылары әлемде де өзінің ұлттық ойының тізгінін ешкімге ұстата қоймайтындарын дәлелдеді. Тартысты өткен көкпардан соң қазақша күресті де әлемге танытуға жол ашылды. «Әлем барысы» деп ат қойған бұл жарыс та жоғары деңгейде өтті. Оның алдында ғана жерлесіміз, Қармақшы ауданының тумасы, жас сері Еламан Ерғалиев «Қазақстан барысы – 2017» жарысының жеңімпазы атанып, бөркімізді аспанға атып қуанып едік. Еламан «Әлем барысында» да жақсы өнер көрсеткенімен, өзінен салмағы едәуір басым ағаларына жол беріп қойды. Кіл мықтыларды атақты палуанымыздың бірі, «Қазақстан барысы – 2013» жеңімпазы Айбек Нұғымаров пен дзюдодан Еуропа-2017 чемпионы, грузин Гурам Тушишвилидің жекпе-жек күресі анықтады. Айбек арыстанша айқасып, түйедей  Гурамды тізе бүктірді. «Әлем барысы» атанған Айбекке 15 миллион теңге сыйақы табыс етілді. Осы орайда өз салмақтары бойынша күрестірсе, жас палуан Еламанға тең келер ешкім болмас еді ғой деген «әттеген-айымыздың» да болғанын айта кеткіміз келеді.

ЭКСПО-ға арналған тағы бір қызықты жарыс 9 қыркүйек күні өтті. Көрмеге орай арнайы ұйымдастырылған кәсіпқой боксшылар Қанат Ислам мен канадалық Брэндан Кук арасындағы жекпе-жекке қалың көрермен жиналды. Қызықты жекпе-жек басталғанға дейін түрлі салмақ дәрежесінде өткен боксшылар айқасында қазақ жігіттері бразилиялық, аргентиналық, АҚШ-тық қарсыластарын бірінен соң бірін топалаң асырды. Менің қызығушылығымды оятқан әсіресе Димаш Ниязов атты бауырымыз еді. Естеріңізде болса, «Қазалы» газетінде әнші Димаш Құдайбергенов туралы мақала жазғанымда, Нью-Йоркта тұратын қазақ жігіті, осы қаланың үздік полицейі, кәсіпқой боксшы Димаш Ниязов ЭКСПО аясында өтетін арнайы жарысқа келетінін айтқан едім. Бұл Димаш та қазақтың атын шығарады әлі дегенім айнымай келді. Ол бразилиялық боксшы Эдуардо Перейроны ұтып, өзінің кәсіпқой рингтегі 12 жекпе-жегінің он екінші жеңісіне қол жеткізді. Ал енді «Қазақ» деген атымен қазақ атын әлемге танытып жүрген Қанат Исламға келсек, ол өз уәдесінде тұрды. Бәске тіккен барлық атақты белбеулерін сақтап қалды. «Қағынып келген» Кукты қуып жүріп сабады, үш рет нокдаунға түсіріп, тоғызыншы раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Геннадий Головкин секілді Қанат Исламға да тең келер боксшы әлемде әзірге табылмай тұр. Табылмай-ақ қойсын делік.

Иә, ЭКСПО-ға арналған жарыстар, сөз жоқ, үлкен көрмеге деген қызығушылықты одан сайын қыздыра түскеніне бәріміз де куә болдық. Қазақ жігіттерінің тамаша жеңісі секілді Қазақ елінің ЭКСПО-сы да керемет жеңіспен аяқталды. Қандай шараны да жетістікпен, жеңіспен аяқтауға тырысатын Қазақ елінің ЭКСПО-2017 жаһандық көрмесі шынында да ұлттық мақтанышымызға, ұлттық жаңғыруға, ұлттық брендімізге айналды.

Сәдуақас ЖҰБАТОВ,

Астана қаласы.

Арнайы «Қазалы» газеті үшін.

Көрудің саны: 34  

Пікір қалдыру

Жаңалықтар