ДАЛАДАЙ ДАРХАН АЗАМАТ

uteev

 «Біреулердің өнегелі бір ісін, Көре-тұра көрмегендер құрысын.

 Нең кетеді жақсы десең жақсысын, Нең кетеді дұрыс десең дұрысын».

Қадыр Мырза Әлі.

Әдетте, ер, батыл деген сөздерді ауызға алғанда көз алдымызға темірдей тұлғалы азаматтар бейнесі келеді. Ал қайсарлық пен өнегелі тәрбие дегенде, олардың бойынан адамзатқа рух шашып тұратын нұр барын ескере бермейміз. Оның себебін, азамат болмысының қарапайымдылығынан, сабырлылығынан, олардың көптің көзіне іліге беруді ұната бермейтін кішіпейілділігінен іздеу керек сияқты. Ондай  қайраткер азамат өмірдің сырлы ағысындай сабырлы да қажырлы мінез-құлқымен көзге түсіп, жұрт көңілінен шығып жатады. Олар халықтың мұң-мұқтажын жүрегіне жақын қабылдап, қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей септігін тигізуге тырысады. Ондай жандар сол жолда талай табыстарға қол жеткізіп жатса да, кеуде керіп мақтанбайды.

Жалпы, ауылда туғандардың жан тазалығы, адамдарға деген кіршіксіз пейілі біразымызды таңдандырумен келеді. Бұл табиғи заңдылық. Әр пенде туған топырағынан нәр алады. Оның үстіне «сусыз жерде дәретіңді құммен алуға болады» деген қасиетті Құран сөзін де ескермесек болмайды. Әсілінде құмның тазалығында шек жоқ. Сондай тазалықты мен қасиетті Қазалының топырағында туған Мінәжадин Өтеевтің бойынан көремін. Ол өзінің қамқор қолын әулетіне ғана емес, еліне созумен ерекшеленеді. Замандасымыз «бармын» деп тасымайтынның, «жоқпын» деп жасымайтынның нағыз өзі. Сыр өңіріне белгілі азамат, облыстық мәслихаттың депутаты Мінәжадин Өтеев сондай қайраткер.

Адамның жеке пайымы кез келген жағдайда қоршаған ортаға, жұмысына, отбасына деген қарым-қатынасында айқындалып жататыны шындық. Оны өмір арнасында алға жетелеген не? – деген сауалға жауап іздесек, ол – өмірге деген құштарлығы болса керек. Ал өмірге құштарлығын арттырған қол жеткізген табыс және оған тоқмейілсімей, үнемі алға ұмтылуы. Жетістіктерден көрінуіне қоршаған орта, бала кезінен дұрыс жолға салған ата-анасы, жұмыстағы сенімді әріптестері, достары мен отбасының ықпалы. Осындай күшті сезінген ол өзінің күш-қайратын туған жерінің дамуына жұмсап келеді.

Адам баласы өз өмірінің бір белесіне келгенде жүрек қалауымен мамандық тандап, сол мамандығы бойынша еңбек жолын бастайтыны белгілі. «Кәсіпсіз адам – нәсіпсіз» – деген ежелден қалған есті сөздің мағынасы тереңде жатыр.

Әрбір азаматтың ойында жақсы өмір сүру, өзгелермен оңды қарым-қатынаста болып, қоғамға шама-шарқынша пайда келтіруден тұрады. Алайда, осы игілікті мақсатқа әркім әрқилы жолмен жетеді. Оған басты себеп адамның ата-ана қанымен келген таланты мен талабы, ақыл-санасы, мектепте алған білімі мен өмірден көрген түйсігі және өнегесі. Ол жақсы ортада тәрбие алды. Жоғары оқу орнын бітіріп, шаруашылықта еңбек жолын бастады. Шаруашылық басқарудың сан қырлы жолдарынан өтті. Ол бұл жолда ысылды, саяси жағынан толысып, ер азаматтармен қатар белсенді топқа енді. Сайланбалы органдарға мүше болып, облыстағы ең маңызды саяси мәселелерді шешуге араласып, қайнап жатқан саясат қазанында шыңдала түсті. Саяси реформаны кейбіреулердей асыр-тасыр емес, ақыл-ой, білім-білік, парасат-пайым биігінен салиқалы да сарабдал тәсілмен жүргізу жағындағы саясаткерлер шоғыры қатарынан табылды.

Біз бұған дейін кеңестік кезеңде шаруашылық басқарған азаматтарды «қызыл директорлар» деп атап, оларға біраз айыптар мен жосықсыз кінәраттар тағуға  тырыстық. Кеңестік жоспарлау жүйесінен өзгеге өрелері жете қоймайтын, ойлау жүйелері тарылып, мүмкіндігі шектеліп қалғандар деп қабағымызды түйдік. Әйтсе де, бүгінгі күн биігінен көз тастасақ, олардың арасында қаржы-экономикалық ойлау қабілеттері жетік, кеңестік жүйедегі шаруашылық басқару әдеттерінің қалыбына сыя бермейтін басшылар да аз болмағанын көреміз. Сол ортада еңбек етіп шыңдалған, бүгінде шаруасы шатқаяқтап тұралап, артта қалған шаруашылықтарды аз уақыттың ішінде рентабельділігі жоғары, яғни жылды таза пайдамен аяқтайтын шаруашылықтардың қатарына қосып отырған азаматтарды неге ескермейміз. Бұл – әрі-берідесін тәрбие үшін де керек емес пе? Біз осы қатарға Мінәжадин Сражадинұлы Өтеевті де қосар едік.

Әр ауылда, әрбір аймақта сол елдің алтын діңгегіндей азаматтар болатыны белгілі. Қазақта әрбір ауыл туралы сөз болғанда, «ол жақта ат басын тірейтін кім бар» деген ежелден қалыптасқан ұғым бар. Әдетте ондай азамат елдегі үлкендерді қамқорлығына алып, кішілерге ақыл береді, жастарды жанына үйіріп жатады. Мінәжадин сондай азамат.

Туған жерімді көркейтсем дейтін адамдар кең-байтақ Отанымыздың қай түкпірінен де табылатыны даусыз. Олар дабырасыз, ың-шыңсыз ғана ізгілік дәнін сеуіп, өздері де содан жандарына қанағат тауып, тіршілігін кеше беретіні анық.

Жер деген ұлы қасиетті сөз. Бұл сөздің терең мағынасын адам тілімен айтып жеткізу қиынның қиыны. Ұлы теңіздер жер төсінде толқиды, айдынды асау өзендер жер бетімен жосыла ағады, қалың ну ормандар жайқалып өседі, асқақтаған заңғар таулар шыңдары көкке шаншылады, күміс табаққа құйылған көлдер жердің көзіндей жалтырайды. Жердің төсін еміп, жемісін теріп жеген адам баласы ғарышқа ұшып, жер-анасына қайтып оралады. Жер бізді асырайды, жер бізге қуат береді, көсегең осы жермен көгеріп, көктейді. Өз бақытын осы жер-анадан тауып, халықтың құрметіне ие болу мәртебесін Мінәжадинге жаратқан иеміз молынан берген деуіміз сондықтан.

Біз Мінәжадин бауырымызбен мақтанамыз, масаттанамыз. Өмірде әрбір адамға баға бергенде өмірлік өнегелі істері бірінші кезекте тұратыны белгілі. Қара қылды қақ  жарып, әділдікті айта білген бабаларымыздың пікірі бойынша – «биікті – биік, жүйрікті – жүйрік» деп айту асқақ адамгершілік қасиетті білдіреді.

Оны ел, халқы жақсы жағынан ғана таныды. Данышпан Абай атамыз айтқан «Жүрегі айна, көкірегі көзді, көңілі ояу, жан жарығы мен жан қуаты мол адамдар» қатарынан табылған Мінәжадин бауырымыздың тұлғасы тұтас, мінезі көркем, қайраткерлік пейілі зор.

«Топырағына қарап дән өседі, тегіне қарап жан өседі», деп халық бекер айтпаған. Оның кіндік қаны тамған жері – Тұран өлкесінің ең қасиетті топырағы. Ол – ой қозғайтын ақылдың жері, сөз қозғайтын ақынның жері, берік оба, тас тұлға, сыралғы болған батырдың жері.

Мінәжадин Сражадинұлы сенімге селкеу түсірмеген, сөзін сыртқа шашпаған, алыпқашты әңгімелерден бойын аулақ ұстайтын, кісінің сыртынан ғайбат сөз айтпайтын, күншілдікті бойына дарытпаған, өзгелердің табысына сәттілік тілеп, қалтқысыз, бүкпесіз қуана білетін, мансапқа емес, ел игілігіне қызмет етудің өнегесін көрсететін, халықтың рухани өмірінің жаршысы бола білетін қоғам қайраткері. Оның адамгершілік, болмыс-бітімінде ерекше зиялылық пен дегдарлық бар. Іскер басшы, ірі ұйымдастырушы Мінәжадин Сражадинұлы өзінің адал еңбегі мен кәсіби жауапкершілігі арқылы Сыр өңірінің гүлденуіне аянбай үлес қосып келе жатқан белгілі кәсіпкер. Өзіне тән алғырлық пен іскерлік танытып жүрген ол, облыс көлемінде көптеген ірі шаралардың ұйытқысы болып жүр. Сөзінің төркінінде ұлыс пен ұлт тұтастығын түгендер ақыл мен парасат мен мұндалап тұрады.

Халқымызда «Жақсылардың көңілі алтын сандық» деген әдемі сөз бар. Халқымыздың алтын сандық деп – адам жанының саф алтындай асылдығы мен биік адамгершілік иесі екендігін меңзейтіні айқын.

Адамның жаны ешкім білмейтін, өзге біреу аша алмайтын құпия сандық іспетті. Әркімнің кеудесінде күмбірлеп қаншама арман бұлқынып жатса да, сол биік мақсаттың жолында қорықпай қадам басып, шідерін бұзып алысқа қанат қағатындар санаулы-ақ. Сол санаулылар қатарынан Мінәж бауырымызды көрер едік.

Өмір үнемі қозғалысты қажет етеді. Ойы мен бойын ұлтты сүюге, ұлтқа қызмет етуге саналы түрде бағыттай білген, табиғаты таза жанмен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Сонда бір байқағаным, оның өз қызметіне деген адалдығы мен жанашырлығы дер едім.

Шаруашылықтың дамуы оның басшысына байланысты. Дәл бүгін Мінәжадин Сражадинұлы басқаратын шаруашылық облыс экономикасының драйверіне айналып отыр. Барлығы да еңбек пен ізденістің, білімнің, мемлекет тарапынан қолдаудың арқасында болады. Мінәжадин Сражадинұлы бизнеске білім керектігін, Елбасы сөзінің өмір шындығы екеніне тәнті. Өзі экономист мамандығының иесі болуымен қатар есеп-қисапты шемішкіше шағады. Елімізде бизнесті, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін кәсіпкерлерді қолдайтын  қаншама бағдарламалар өмірге келді. Субцидия, лизинг, несие, грант, түрінде жеңілдіктер, көмек беріліп жатыр. Ол осы мүмкіндіктердің көбісін пайдаланды. Міне, соның арқасында ол облыстағы ең ірі шаруашылықты өрге сүйреп келеді.

Оның бүкіл өмірі ауылда өтіп келеді, ол оның өмірі. Айтпақшы, Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың осыған орай, «Ауылды жақсы көремін, бірақ мұнда тұралмаймын, қаланы жек көремін, бірақ, онсыз күнім жоқ» – деген сөзі бар. Осыған екпін түсіріп, Мінәжадин бүгін-ертең қалаға көшетін азамат емес. Оның кіндігі осы өңірге кіндігінен байланған.

Жүректегі ізгі ойды нәр беріп өсіретін де, су сеуіп өшіретін де ата-ана. Өмірдің бітпейтін күйбеңіне көмілген ата-аналарға бар мүмкіндігімізше көмектесу біздің парызымыз. Қолда барында жақсы адамның қадірін білмейтініміз, аузынан шыққан сөзінің алтыннан да қымбат екенін бағалай алмайтынымыз, әрине, өкінішті. Әрбір ісін ерекше махаббатпен атқарған, талғамы биік, өрелі жандар артында айтылған, жылдар бойы жаңғырып, қайталана беретін жақсы сөздері арқылы мәңгі жасайды. Ұрпақ санасында қалады. Оның бұл жолда өз байламы бар.

Қытай елінде аз ғана айлық беріп, адамдарды сондай пайдалы іске жұмсайды екен. Біздің үлкен алтын бесігімізді алтын ету қолымыздан келмей ме? Жер-анаға өгей болмай, өз перзенті болсақ, кәне! Жер-ананың мейірін төгіп, құты бойында тұруы үшін біздің бесігімізді түзейтін уақыт келді ғой. Ол үшін әр азаматтың маңдай терін төгіп, тынбай жұмыс істейтін, түптің түбінде еліміздің көсегесін көгертетін жол осы емес пе?! Бұл – Мінәжадин Сражадинұлының ойы.

Халық игілігі, имандылық иірімі жолында қысқа жіп күрмеуге келмеген шақта ол ауылды құлатпай өрге сүйрей білді. Бұл – есті адамның өзі үшін емес, болашақ ұрпағы үшін атқарған іс. Ұлтжанды азаматтар ұлттың қамы үшін қайғыратыны сондықтан.

Бабаларымыз бізге темірқазық болардай өсиет қалдырды. Ол бірлік, елдік іс. Бұл көрегендік біздің қанымызда таза сақталса, мейірімділік, бауырмалдық деген асыл қасиеттер ежелгі қалыбынан ауытқымасы анық. Оны сәл маздатса, ортамыз толып, әдемі әдет пен өнегелер жанымызды нұрландырады. Мінәжадин бауырымыз сондай айналасына жібек нұрын шашып жүретін үлкен жүректі азамат.

Кешегі кеңес өкіметі кезінде «Еңбек ер атандырады», «Адам еңбегімен көрікті», «Беделді сақтайтын берекелі еңбек» деп еңбек адамын төбемізге көтеріп, төрімізге шығарушы едік. Алайда, кейінгі кейбір кездерде адал еңбектің қадірі кетіп, құты қашып  тұрғандай ма, қалай?!

Адам тәрбиелеу – ұлы міндет. Осы міндетті адал атқарып жүрген, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып жүрген адамдарды қалай құрметтесек те, жарасымды іс. Адам баласын өрге сүйрейтін рухани құндылықтар. Себебі, онда ұлттың жан-дүниесі сақталған. Ұлттық құндылықтар негізінде ғана мемлекет ісі алға баспақ. Оның діңгегі – жарасымды сыйластық, ана тілі. Елімізде шаңырағы биік отбасылар, ұлтжанды шенеуніктер саны артқан сайын халықтың тектілене түсетіндігі анық. Жер шарының дамуы әрбір ұлттың дамуына, ал ұлттың дамуы тұлғалықтың дамуына тікелей байланысты. «Адам – сыйлы, кұрметті болуы оның адамгершілігіне, адалдығына тікелей тәуелді. Ата-анасын сыйлаған бала – Отанын құрметтей алады. Бала тазалығын сақтай алғандар қашан да бақытты. Ондай жандар жүрген жерін мереке шаттыққа бөлеп, айналасына жарық таратады, ондай жандардан қараңғылық қашады.

Қарапайым қазақы отбасында тәрбие алып, қазақ мектебін бітіріп-ақ, ешқандай ағылшын не ханзудан қалыспайтын азамат болуға әбден мүмкін екенін Мәкең дәлелдеп берді. Отбасының жылуынан тарайтын, ананың мейірімімен сіңетін ұлттық болмыс болмаған жерде ұлттық намыс та болмайды.

Айналасына сондай жарық түсіріп жүрген асыл азамат 60 жасқа толып отыр. Ол – біздің өлшем. Ал жапондар 60 жасты сәбидің аузындағы сүттің кепкені дейтін көрінеді. Сондықтан олар – «70 жас – балаң шақ, 80 жас – жігіттік кезең, ал 90-ға келгенде ата-анаң аспанға шақырса, 100-ге жеткенше күте тұруды өтініңдер», – дейді екен. Мәке, кім не айтса да, 60 жасыңыздың патшасы бола беріңіз!

Еліміздің ауыл шаруашылығы саласының үздігі, «Еңбектегі ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Мінәжадин Сражадинұлының есімі бұл күндері ұлт мақтанышына айналып отыр.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,

Халықаралық Ақпараттар академиясының

академигі, БҰҰ-ның «Әлем елшісі» орденінің иегері.

Көрудің саны: 37  

Пікір қалдыру

Жаңалықтар