ДӘСТҮРЛІ ДҮБІРЛІ ДОДА

21430460_2044490375771899_8782602079024008065_n (1)

Өткен сенбіде №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт кешенінде мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен ХІІ халықаралық турнир өтті. Дәстүрлі додаға Әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері, «Біріккен күрес әлемі» Азиялық кеңесінің атқару комитетінің төрағасы Дәулет Тұрлыханов, ҚР Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Садық Мұстафаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Оспанов, «Қазгермұнай» біріккен кәсіпорны бас директорының орынбасары Айтбай Көшербаев арнайы келді.

Жарысқа Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен және еліміздің 10 облысынан, Астана, Алматы қалаларынан 18 команда, 230 спортшы 10 салмақ дәрежесіндегі жүлделерді сарапқа салды. Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Нажмадин Шамұратов:

Өн бойында терең тектілік, бекзаттық ұялаған, өнегелі ісі арқылы қалың жұрттың жүрегінде сақталған Елеу Көшербаевтың орны бөлек.

Сондықтан да ардақты ағамызды елі ұмытпайды. Оның айғағы ретінде жыл сайын сол кісінің атында грек-рим күресінен халықаралық турнир өткізу жақсы дәстүрге  айналды. Осыдан 12  жыл бұрын басталған жарыстың ауқымы қазір кеңейді. Бүгінгі материалдық-техникалық база бұрынғымен салыстыруға келмейді. Айтулы дода барлық талаптарға сай жаңа спорт кешенінде өтеді. Турнирге қатысушы командалар мен палуандар саны да жыл сайын артып келеді, – деп атап өтті.

Бұдан соң Дәулет Тұрлыханов және Айтбай Көшербаев сөз сөйлеп, спортшыларды жігерлендірді. Сонымен қатар, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Ермек Көкетов даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровтің қатысушыларға арнаған құттықтау жеделхатын оқып берді.

Екі күнге созылған тартыста бабы мен бағы келіскен балуандар жеңіс тұғырына көтерілді. Ал қазалылық өрен Наурыз Әбибуллаев 46 салмақ дәрежесі бойынша жеңіске жетіп, «Жақсы әдіс-тәсіл көрсеткені үшін» номинациясына ие болды. Сондай-ақ, 50, 76, 85 келі салмақ дәрежесі бойынша жерлестеріміз Қасымхан Мейрамбекұлы, Жандос Задаш, Ұлықбек Темірбек екінші орынды қанжығаларына байлады.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА.

Көрудің саны: 23  

Пікір қалдыру

Жаңалықтар