БЕЙНЕТПЕН ЖЕТКЕН БИІККЕ

IMG_4405

Киелі Қазалы жерінде таңның атысынан, күннің батысына дейін атыз жағалап, күріш егумен айналысқан жандар аз емес. Соның бірі – Ажаркүл Сейділдақызы Алдажарова. Қазалылық даңғайыр диқан 1950 жылы 25 қаңтарда Майлыбас ауылдық Кеңесіне қарасты Ленин колхозында дүниеге келген. Жеті жасында №92 орта мектептің 1 сыныбына барып, сегіз жылдық білім алып шығады.

Анасына көмекші болған Ажаркүл Сейділдақызы Қызылту совхозындағы шаруа­шылықтың сан түрлі жұмыстарына ерте араласты. Еңбек ете жүріп кешкі мектептен орта білім алды. Жиырма жасында өзімен бірге шаруашылықта механизатор, шофер болып жұмыс істеген Ержігіт Қарамановпен тұрмыс құрып, осы күні 6 бала тәрбиелеп өсірді. Құдай қосқан қосағы Е.Қараманов егіс бригадирлігіне дейін көтеріліп, ауыр науқастан 1997 жылы дүние салған.

А.Сейділдақызы алғаш рет жиырма сегіз жасында күріш егіп, 40 центнерден өнім алды. 1976 жылы Қызылту совхозы бірінші рет инженерлік жүйеге келтірілген жерге ақ маржанды сеуіп, онан 70-99,6 центнерден өнім жинады. Есесіне борбайымен су кешіп, ала жаздай төккен тері еленіп III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен және Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесінің алтын медалімен марапатталды.

А.Алдажарова қара жұмыспен қатар қоғамдық істерден де тыс қалмады. Үздіксіз бес жыл бойы облыстық Советтің депутаттығына сайланып, абыроймен алып жүрді. Ал 1981 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын иеленді. Бірнеше жыл қатарынан социалистік жарыстың жеңімпазы, сондай-ақ, аудандық және облыстық партия конференцияларының делегаты, облыстық партия комитетінің мүшесі болды.

Осындай жетістікке жету үшін не істеу қажет деген сауалымызға: «Мұндай құрметке қол жеткізудің бір амалы – ертеден аянбай еңбек ету. Бала кезімізден бастап маңдай терімізді төгіп, жұмысқа үлкендермен бірге білек сыбана кірістік. Марапат үшін емес, бала-шаға асырау мақсатымен таң атқаннан кеш батқанға дейін күн-түн демей егістіктің басында болдық. Зейнетке шыққанша отыз жыл қатарынан егін алқабында Сыр күрішін жайқалттық.

Күріштен мол өнім алу үшін баланы күткендей, жерге дән тасталғаннан бастап баптау керек. Судың бетіне шығып, тамырға ілігіп кеткенінше ерекше аялап күтуге тура келеді. Өйткені, бұл дақыл суда тұрып өседі. Сондықтан күнбе-күн су мөлшерін бақылап, үздіксіз қадағалауды қажет етеді.

Сондай-ақ, дұрыс бағыт-бағдар беретін ұстазыңның да болғаны абзал. Маған ағалық-апалық ақыл-кеңестерін берген Қани Жамшитов пен Пернегүл Фархатоваларға алғысым шексіз. Осы көңілі дархан жандар күріш егудің қыр-сырын маған жан-жақты ұқтырған еді.

Жас кезіңде еңбек ет, әділ бол, өтірік айтпа. «Бейнет түбі – зейнет» деген ұстанымды жадыда сақтау керек. Талай бейнетті өткердік. Әлі де ауламда балаларыма көмектесіп, бау-бақша егемін, мал бағамын. Шүкіршілік жасаудың арқасында жаман емеспіз. Аңсаған арманға сол жеткізеді», – деп еңбекқор ана ағынан ақтарыла әңгіме өрбітті.

А.Сейділдақызы 1987 жылы Жергілікті Советтер сайлауында ауылдық Советке депутат болып сайланды. Аса ұқыптылығымен және әрбір тапсырмаға жауапты қарауының арқасында көп ұзамай Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болды.

1995 жылы ауылдастарының құрметіне бөлене жүріп, республикалық дәрежедегі зейнеткерлікке шықты. Зейнеткерлікке жетсе де үйреншікті кәсібінен қол үзбей төрт жыл бойы күріш егумен айналысып, еңбекқорлықтың үлгісін көрсетті.

Әбден еңбекпен шыныққан Ажаркүл апа бұл күндері де ат үстінен түскен емес. Қоғамдық шараларға белсене атсалысып, сүбелі үлесін қосып келеді. Оны ұялы телефонының сәт сайын дамылсыз безілдеуінен-ақ байқадық. Себебі, өнегелі кейуана Қазалы ауданының әйелдер кеңесінің мүшесі, ауылдық «Әжелер» ансамблінің ұйымдастырушыларының бірі және күміскөмей әншісі де екен.

Есімі ел аузынан түспей жүрген кейіпкеріміздің елеулі еңбектері ескеріліп, «Қазақстан Респу­бликасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қызылорда облысына – 70 жыл» медалімен марапатталған. Ал 2009 жылы аудандық мәслихаттың шешімімен «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Алдажарова Ажаркүл ақылына көркі сай, батыл қадам жасай білетін, ер мінезді, күш-қайраты мол, ауданымыздағы сый-құрметке лайық ардақты ана.

Бүгінде Ажаркүл Сейділдақызы алты баласынан 21 немере мен 9 шөбере сүйіп отыр.

Қазіргі таңда қызы Гүлжан Қараманова Қызылордадағы №104 мектепте ұстаздық қызмет атқарып жүр. Одан кейінгі Ерлан жеке кәсіпкер, Әйтеке би кентінде тұрады. Гүлнар Қараманова Қазалыдағы «Сәуле» балабақшасында тәрбиеші қызметін атқарады. Нұрсұлтаны Жалаңтөс батыр ауылында ата-анасының кәсібін жалғастырып, егін алқабын түлетумен айналысады. Райла Төретам қыстағында №80 мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Кенжесі Әсем Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылындағы мектепте шәкірттерді білім нәрімен сусындатады.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА.

Көрудің саны: 68  

Пікір қалдыру

Жаңалықтар