АЗАТТЫҚТЫ АҢСАҒАН «АРЫҚБАЛЫҚ АЙҚАСЫ»

dbe142e4e04d4b659c38d152f632d5dc

«Әрбір өлкенің халқына қорған, суығына пана, ыстығына сая болған баһадүр бабалары бар. Олардың есімін ұрпақтары ұмытпауға тиісті». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау лебізі пайымдағанға терең ой салғандай. Маңғаз даланың әрбір пұшпағы шежіреге толы екені тағы рас. Осы тұрғыда Қазалы өңіріндегі көпшілік ұлағат тұтар оқиғаның бірі – «Арықбалық шайқасы» десек орынды.

Алты Алашқа даңқы кеңінен тараған Жанқожа Нұрмұхамедұлының есімін, батырлық жолын, елі-жері үшін жанын қиған тектілігін санамызға сіңіріп өскен буынбыз. Оған қоса әз бабамыз бастаған ержүрек сарбаздардың Ресей патшасы өкіметінің озбырлығына қарсы қарулы шайқасқа шыққаны, Қазалыны қоршауға алғаны, шешуші шайқастың Арықбалықта яғни қазіргі таңда Жанқожа батырдың есімімен аталатын елді мекеннің маңында өткені, мұздай қаруланған патша жазалаушыларына қарсы көтерілісшілердің асқан жанқиярлықпен соғысқаны, қарша бораған зеңбірек, мылтық оғының көптеген боздақды мерт қылғаны, қарапайым халықтың талауға түсіп, елі-жерінен амалсыздан босып кеткені нақты деректерден белгілі. Бұл туралы жазушы Молдахмет Қаназ құрастырған «Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты зерттеулер мен мақалалардан құралған кітаптың 59-бетінде: «1857 жылы қаңтар айының 9-10 күндері Арықбалықта болған ұрыста батырдың қолының саны үш мыңнан астам еді. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Осы шайқаста орыстардың сапынан шығын болған кісі онша көп емес. Фитингофтың отрядында 300 казак-орыс, 320 жаяу әскер, 3 зеңбірек, 3 ракета қондырғысы бар еді», – деп («Сырдария уәлайаты». Қазалы қ.1894 ж. 18 ақпан. Орыс тілінен аударған Асан Досжанов. Очерктің орысшасы 1894 ж. Қазан қаласында жарық көрген) анық жазылған.

Енді осы ғылыми-танымдық басылымдағы Молдахмет Қаназ ағамның «Алексей Иванович жарылқаушы ма, жазалаушы ма?» атты мақаласына назар аударайықшы. Аталмыш мақаладағы: «1857 жылдың 5 қаңтарында зеңбіректердің әр түрінен 103 снаряд, 9 қаңтарда 205 снаряд, осы аралықта көтерілісшілерге әртүрлі оқ-қарудан 3221(!) оқ атылды. Бұл оқтардың барлығы далаға емес, қазақтарға атылған. Бейкүнә пақырлардың біразы ұрыс алаңы – Арықбалықта жан тапсырды», – деген сөйлемдерді кім-кімнің де тебіренбей оқуы мүмкін емес.

«Неткен сұмдық?! Сонда әрбір адамға бір-бір оқтан көздеп атылғаны да. Сол сұрапылда қаншама жазықсыз жан ажал құшып, адам қаны судай аққаны даусыз. Дүние жалған. Өзіміз топырағына аунап өскен ауылымыздың кешегісі нет­кен қасіретті еді?! Біздің ата-бабамыздың басынан қандай зұлмат күндер өткен. Арықбалықтағы қанды қасапты сол шайқаста арманда кеткен арыстардың бүгінгі ұрпағы ешқашан ұмытпауға тиісті» дейсің егіліп отырып.

Ал «көтерілісшілердің ізіне түскен А.И.Бутаковтың жазалаушы отряды 9-11 қаңтар аралығында 212 ағаш үйдің шаңырағын талқандап, керегелерін қиратып жылынды, солдаттарға тамақ пісіру үшін отқа жақты. Осы жолы қазақ шаруаларының 1239 малы бекініске айдап әкелінді. Оның сыртында 300 қой солдаттарға азыққа берілді, жол бастап жүрген сұлтандарға сыйға тартылды» дегенді білгенде бойыңды еріксіз ыза-кек буады. Олай етпегенде ше? Көшпенді тірлік кешкен, жаратылысынан кеңпейіл ұлтымыздың сол тұстағы пана-қорғаны киіз үйлер ғана екені белгілі. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Түкірігіңнің өзі жерге түсіп үлгермей қатып, мұзға айналатын қаңтардың қақаған аязында бар баспанасы, жан сақтарынан айрылған дүйім жұрттың қаншасы үсіп (әсіресе, емшектегі нәресте, бала-шаға, қарттар, ауру-сырқаулар) өлгенін кім білсін? Мұндай жауыздық әрекеттің соңын ойлаудың өзі қорқынышты.

Биыл санада ауыр зардабы қалған сол Арықбалық шайқасына 160 жыл толды. Өскелең ұрпақты Отансүйгіштікке баулу, елді-жерді сүюге, өткен тарихымызды қастерлеуге үндеу баршаның міндеті екені анық. Осы тақырыпта Жанқожа батыр бастаған сарбаздардың ерлігі әспеттеуге толық лайықты. Батыр бабамыздың соңына ерген қалың қолдың санаулы рулардан ғана құралмағаны Қазалы, Арал қала берді Сыр өңірінің азаттықты аңсаған, намысы бар азаматтарын атқа қондырғаны анық. Ендеше сол жауынгер жасақта бәріміздің де аталарымыз болғаны, көпшілігінің жау оғынан қыршынынан қиылғаны жалған емес.

Қазіргі таңда батыр бабамыздың атымен аталатын ауылда «Арықбалық шайқасы» құрбандарын еске алуға арналған шараға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Әрине, бұл бастамасы ғана. Азаттықты аңсап атқа қонған әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған мыңдаған боздақтың ерлігіне куә болған «Арықбалық шайқасы» батырларын аудан, облыс, республикалық көлемде еске алып құрметеу, ескерткіш тақта орнату келешектің еншісінде екені даусыз.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Жанқожа батыр ауылы.

Көрудің саны: 55  

Пікір қалдыру

Жаңалықтар