АППАҚ ҚАР ЖАУҒАН ТҮН ЕДІ…

1449053665_l

Сол күнгі кештен шыққан жандардың бәрі көңілді болатын. Наз­ды күлкілер. Қуанышты үндер. Кент  тыныштығының жарымын алып кетті. Әне, ұзап бара жатыр. Күлкі соңы әлде бір әуезді әнге ұласты. Алыстағасын ба, сөздері анық естілмейді. Бір-бірімізге тіл қатпағанымыз болмаса бізде сол шалқар шат күлкінің толқынына ергендей әсерде емес пе едік. Сол толқын бізді бір шетке ысырып тастағандай. Үнсізбіз.

Жүріп келеміз. Жаңа ғана аңғардым қар жауып тұр екен. Сен қалықтаған қар жапалақтарына қолыңды тосып ойнап келесің. «Неге ұқсатып келеді екенсің?!» Мен жапалақтаған  қарға  қараймын. Үйрек жүніндей үлпілдей қалықтайды. Мамырлап түсіп жатыр. Әлде бір ән ырғағына елтігендей. Ырғала билеп жүргендей. Әне бірінің жанына бірі қалықтап жетті. Жерге тұтасып түсті. Жаңа ғана сонау зеңгір көктен түскені сезілер емес. Жымдаса қалыпты. Салмағы болмағаны-ау… Сондықтан ұлпа дейді екен-ау… Жеңіл… Нәзік…

– Мұнда қарашы, міне аппақ қар…

Сен алақаныңды ұлпа жауынды тіліп тұрған көше шамының жарығына тостың. Бірақ мен алақаныңнан мөлдір шық қана көрдім. Сұйық жахұт. Мөлт-мөлт етеді. Және сенің мөлдіреген көзіңді көрдім. Мөлдір көздеріңді алақаныңнан алмайсың. Ұстауға құмартқан нәрсеңді ұстап тұрып, көре алмағаныңа таңданып тұрсың ба?!.. «Таңданба, жаным», – дегім келді менің. «Кейде осылай да алдануға тура келеді». Олай демедім мен.

– Қар онсыз да аппақ емес пе, неге шұқшидың?

Сен маған бейкүнә сәбидей бұртия қарадың. «Шынымен осынау аппақ дүниенің айырмашылығын айыра алмағаның ба?» – дегендей көзқарас еді ол. Шындығында, айнала неткен аппақ. Көк те, жер де. Талдар да, көшедегі шамдар да. Түнде аппақ. Иә, аппақ түн. Сенде аппақсың. Басыңдағы ақ бөкебай да, мойныңдағы шарф та, үстіңдегі қыстық қара пальтоң да аппақ, ақша жүзіңде… Бәрі, бәрі аппақ.

«Неғып аңғармағанмын. Өмірде аңғарыла бермейтін нәрселер көп екен-ау!»

Біз үнсіз жүріп келеміз. Бұдан екі жыл бұрын осылайша кездесеміз деп ойлап па едік. Әрине жоқ… Тағдыр бізді қоспады… Бірақ, өмір дегеннің өзі тағдырлар өрнегімен өрілетін нәрсе ғой деймін. Тағдырлар… Солар неге тоғысып жатады екен?!. Әсіресе, біздерше тоғысатыны неліктен.

– Ақан, міне үйге де келдік.

Мен селк ете қалдым. Қызық екен… мен осы өмір туралы ойладым ба? Тағдырлар туралы… Иә, олар тоғысып жатады. Өйтпеуі мүмкін де емес болғаны ғой. Адамдар…

– Ақан, сен бірдеңе дедің бе?

– Ештеңе… Ойланып кетіппін.

– Сен кешір мені…

– Нені?

– ?!

– Қайрат біздің арамыздағы жайды біле ме?

Менің дауысым құмығып шықты. Мен өзімді-өзім зорлап сұра­дым. Сен үнсіз басыңды изедің.

Ақ жүзіңе аялай қарадым. Жүзіңді шарпыған ақ қардың әсері ме, әлде суықтан ба албырап тұрған бетіңе ернімді тигізгім келді. Ақша жүзіңнен аймалағым келді. Бір-ақ, ашқарақ баладай талай тіміскілеген үйреншікті кеудеге сол бір кездегі батыл қолдар көтерілмеді. Мөлдір қар шықтары қалып жатырған жамалды жүзіңе қарап Қайратты ойладым.

Жаңа клубтағы: «Ақан бар ғой. Абыржымай кешті көңілді өткіз. Бойдақ болғанмен бұл жігітке сенуге болады», – деген әзілді үні құлағымда тұрды.

– Тым жақсы кештеріңді бұзды-ау. Қандай өрт екен?

Не үшін сұрадым?! Неге айттым… Әйтеуір бірдеңе дегім келген болар.

– Біз оған үйренгенбіз. Тілсіз жаумен айқасу міндеті ғой, қалап алған мамандығы…

Ұзын кірпікті жанарың маған қадалды. Менде саған қарап тұрмын ғой деймін.. Ойым тіпті басқада. «Үйренгенбіз… үйренгенбіз… айтпақшы кішкентай Бақыттарың бар екен-ау!»

– Ақан үйге кір. Қайрат та келіп қалар… Қысты күнгі өрт онша қауіпті болмайтын. Тез оралар.

– Жо…жоқ… Жақсы… Қайратқа сәлем айт…

– Келіп тұр. Қайрат та…

Мен сөзіңді аяқтатпай үнсіз бұрылып жүріп кеттім. Әлден соң ғана өзіме-өзім келдім. Айналаның бәрі аппақ. Қар әлі жауып тұр. Өзің айтқан аппақ қар. Мен өткенге өкінгенім жоқ. Сен бақытты екенсің. Екеуің де бір-біріңе ақсыңдар. Жүректерің де пәк.

Осы бір аппақ қарлы түндей өмір жолы неге аппақ болып жатпайды екен?! Бірақ, өмір қазіргідей  тылсым түн емес-ау. Ол – өмір. Қым-қуыт, қайнаған тіршілік. Тек пәктікке деген сенім болсын. Мен сол түні соны көп ойладым… Я, сол түні… Аппақ қар жауған түні…

Құдайберген ЕСЕКЕЙ,

Әйтеке би кенті.

Көрудің саны: 38  

Пікір қалдыру

Жаңалықтар